Жетімдер үйінің есепшісі өзінің қылмысын әшкереледі

Primary tabs

Қаң 06, 2019 / 0 комментарии

ШҚО-да жетімдер үйінің бас есепшісі әріптестерінің алдында күтпеген мәлімдеме жасап, басшысымен бірге қаржы жымқырғанын ашық, ашынып айтты. Тіпті директорын ондағы қайтыс болған балаларға басқа диагноз қойғызып, анықтама алған деп айыптаған деп хабарлайды 31 арна.

Жетімдер үйінде тұп-тура жаңа жыл мерекесінің алдында жиын өткен екен. Сол бас қосуда есепші директормен бірге қаржы жымқырдық деп, ашық мойындаған. Оны біреулер ұялы телефонға түсіріп алып, ғаламторға жариялайды.

Бірақ, бұл бейне жазбаға қатысты директордың өзі жарытып ештеңе айтпаған.

"Бас бухгалтердің үстінен шағым жазылды. Мен жаздым. Енді сол кісілер бәрін тексеру керек. Мен одан басқа ешқандай пока комментарий бере алмаймын", - дейді Өскемен қаласының мамандандырылған балалар үйінің директоры Гүлнәр Даниярова.

Жаңа жыл қарсаңындағы жиналыс жалақының кешіктірілуіне байланысты өткен. Балалар үйіндегі 160 қызметкер желтоқсан айының жалақысын ала алмапты. Басшылық бар себебін, кесел есепшіде деп түсіндіреді.

Балалар үйінің жұмысшылар алдындағы қазіргі борышы 15 миллион теңгенің көлемінде. Ал мекеме бағынатын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы бәрі бақылауда екенін айтты.

Бұл мекемеде бес жасқа дейінгі 78 жетім бала тәрбиеленіп жатыр. Бейнежазбадағы айтылғандар мен балалар үйі директорының арызы құзырлы органдарға жетті. Анық-қанығы алдағы уақытта белгілі болмақ. Ал бас есепші желтоқсанның 27-сі күні жұмысынан босатылыпты.