Қазақстанда 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтеді

Primary tabs

Сәу 09, 2019 / 0 комментарии

Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған үндеуінде мәлімдеді.

 

"Бүгін елімізге және әрқайсысымызға қатысты аса маңызды үндеу жариялап отырмын. Еліміздің конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым. Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдастым. Парламенттің қос палатасының спикерімен, премьер-министрмен кездестім. Конституциялық кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім", - деді Тоқаев.

Бұдан бөлек, кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам екенін айтқан Президент қазір Қазақстан тарихи кезеңді бастан өткеріп отырғанын жеткізді. 

"Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпенқабылдады.  

Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін.  

Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін. Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездестім.

Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек.

Сондықтан, елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін.

Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықтысақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламалардыойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек.  

Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым.

Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет.  

Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады.  

Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!

Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге  сенемін.

Қадірлі Отандастар!

"Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" дейді дана халқымыз.  

Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын.

Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты!" - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетсек, Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы 5 рет өтті: 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы, оның басым бөлігі кезектен тыс болды