2 мың пікір, 1,5 мың лайк: Аймағамбетов ұстаздарды zoom-да «бум» жасауға міндеттей ме?

Primary tabs

Мау 05, 2020 / 0 комментарии

 Коллаж: Жанар Жұмабекова

Білім және ғылым министрінің есеп беруіндегі күдікті құбылыс туралы.

Бүгін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн форматта халық алдында есеп берді. Онлайн-кездесу zoom платформасы арқылы Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында өтті.

Эфир кезінде секунд сайын түсіп жатқан «онлайн сұрақтар» көрермен назарын өзіне еркісіз аударды. 15 минут ішінде 400-ге тарта пікір, есеп беру кездесуінің 26-шы минутында 725 пікір түсті. 40 минутта 2 мың пікір, 1,5 мың лайк жиналды.

Халық осынша пікір қалдырғанына қарап, министр сұраққа қалай жауап беріп үлгереді деп алаңдап та үлгердік.

Алайда, министрге тікелей эфир кезінде түскен 800 (эфирдің 29 минутындағы жағдай) пікірдің 99,9% аймақ-аймақтағы ұстаздардың «мен мұндамын» деген белгісі екен.

Яғни, аймақтардағы жоғары оқу орындарының, колледжердің, орта мектеп, тіпті, университеттердегі кафедра өкілдері тікелей эфирге «қосылдық» деп белгі қалдырып отыр. Бұл міндетті тапсырма ма әлде, ұстаздар өз еріктерімен тікелей эфирге қосылды ма, осы тұсы ойлантады.

Дегенмен, журналистер министрдің кеңесшісінен аймақтардағы педагогтардың неге мұнша белсенді болып отырғанын сұрады. Журналистердің сұрағынан кейін министрдің кеңесшісі ұстаздарға «кедергі жасамаңыздар» деп ескерту жасады.

«Қосылып, қарап отырғандарыңыз да дұрыс. Қосылғандарыңызды жазудың қажеті жоқ. Ол өздеріңіз үшін керек. Бізге халық тарапынан сұрақтар керек. Кедергі жасамауларыңызды сұраймыз», - деп жазды Ерболат Мұхамеджан.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

      Azattyq ruhy