Қазнетте Республика күні – 25 қазанда Интернеттің өшірілетіні туралы ақпарат тараған. Ішкі істер министрлігі бұл қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды kaskelen.kz ақпарат агенттігі.
“Интернет кешкі 20.00-ден бастап өшіріледі, банк карталары да жұмыс істемейтін болады. Ақшаларыңызды алдын ала шешіп алып, сақ жүріңіздер” – делінген WhatsApp желісінде қолданушылардың бірі жариялаған жазбасында.
Қолданушылар бұл ақпаратты WhatsApp желісінің басқа да чаттарында белсенді түрде таратуда. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
“Ішкі істер органдары жалған хабарламаны таратқан адамды іздеу шараларын бастады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды арандатушылыққа ермеуге шақырып, Қылмыстық кодекстің 274-бабында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді”, – деп атап өтті ведомстводан.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Алдағы үш күнде Қазақстан полициясы күшейтілген режимде жұмыс істейтіні туралы хабарлаған болатын.