Роза Рымбаеваның ұлы, әнші Әли Оқапов күні кеше тапсырылған «Құрмет» мемлекеттік наградасынан бас тарту туралы шешім қабылдады. Әншінің мәлімдемесіне қатысты, оны қолдап белгілі продюсер Баян Мақсатқызы өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Әлеуметтік желіде бұл тақырып көптеген пікірталас пен талқылауға себеп болған еді.
Бүгін Роза Рымбаеваның 32 жастағы ұлы өзі мәлімдеме жасады. Ол өзінің медаль сұрамағанын және соңғы сәтке дейін бұл орденнің берілетінін білмегенін айтты.
Рас, әнші әзірге мемлекеттік сыйлықты ресми түрде қайтаруға болатын-болмайтынын нақты білмейді. Өйткені, Қазақстанда мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған.
Тағы айта кетерлігі, Әли Оқапов осы уақытқа дейін алған барлық марапаттарынан, оның ішінде музыка саласындағы наградаларынан да бас тартпақшы.
Бейне мәлімдемесінің соңында өзін «қарапайым эстрада әншісі» деп атаған ол көпшіліктен осындай дүрбелеңге себеп болғаны үшін кешірім сұрады.
Әншінің мәлімдемесіне қатысты, оны қолдап белгілі продюсер Баян Мақсатқызы өзінің Instagram парақшасында жазды.
“Нағыз музыкант, талантты композитор және орындаушы, өнер адамының қанатын кесіп тастау қандай оңай еді. Адал еңбекті жоққа шығарып, жойып тастау қандай оңай… Адамды танымай, оның еңбегін зерттемей, оның жұмыстарын, туындыларын білмей, анығына жетпей үкім шығару қандай оңай еді. Көпшілік сенің жағыңда болғанда біреуді таптап, мыжып тастау қандай оңай.
Мен Әлиді кішкентай кезінен білемін. Сәби кезінен сахна сыртынан көрсем, бес жасында фортепианода ойнағына куә болдым. Кейін білікті білімі бар әртіс ретінде таныдым, онымен қоса ол бізге қаншама оранжировка жасады, қаншама ән жазды. Мен көбіне оның студияда тынбай еңбек етіп жатқан кезін көремін.
Оны кез келген шараға шақырған қандай жақсы. Ол әрдайым дайын, әрдайым әдемі, әрдайым өзінің бишілер командасымен. Онымен қоймай өзі де тамаша билейді. Қаншама шараға шақырылды, сол кезде бір рет кешіккен кезі болмады. Бір де бір рет жаман әдетін байқамадық (ал бізде мұндай әртістер жетіп артылады: ішкен, шеккен әртіс – біздің қоғамға бір қалыпты).
Міне, бүгін осы өнер адамы өзінің барлық наградасынан бас тартуда. Барлығынан.
Әли! Сен бұл награданың барлығына лайықсың. Ешкімнің алдында ақталып, есеп беруге міндетті емессің. Бұл – сенің нарадаң, оны ешкімнен тартып алмадың. Орденді мақтанышпен кеудеңде тақ.
Өзіне қатысы жоқ дүниені оп-оңай жоққа шығаратындарды тыңдама.
Өзіңді өзің жасадың, өз жолыңмен жүрдің. Менің бір білетінім: өзіңнің танымал анаңнан ешқашан, еш уақытта көмек сұрамадың. Анаң болса өз кезегінде нағыз ер адамды тәрбиеледі. Сен – өз ата-анаңның нағыз ұлысың.
Бұл орденді мақтанышпен тақ. Өзіңе лайықты дүниеден бас тартпа”, – деп жазды белгілі продюсер.