Қарасай ауданында алғашқы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Аппараты басшысының орынбасары Ләззат Бейсенқұлова пен мемлекеттік корпорацияның басқарма басшысы орынбасары Шыңғыс Оразалимов қатысты, деп жазады kaskelen.kz ақпарат агенттігі.
Айта кетейік, бұрын қызмет алу үшін аудан тұрғындары Алматы қаласына барып келіп істейтін. Бұл азаматтарға біраз қиындықтар тудыратын. Енді клиенттер жолға кететін уақытты үнемдейтін болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, оңтүстік астананың қызмет алушыларының легі де азаяды деп күтілуде.
“Жаңа мамандандырылған ХҚКО Алматы – Бішкек тасжолы, Қарасай ауданы, Әйтей ауылы, 627 есептік квартал, 95 құрылымында орналасқан. Бұл жерді таңдағанымыз кездейсоқ емес еді, өйткені Қарасай ауданына жақын орналасқан Жамбыл, Талғар, Іле аудандары мен Алматы қаласының тұрғындары үшін бұл жерден көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу бойынша мемлекеттік қызметтерді алуға ыңғайлы деп есептейміз. Олар жолға небәрі 30 минуттан аспайтындай уақыт жұмсайтын болады”, – деді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Оразалимов.
Жаңа орталықта қызмет алушыларға барлық жағдай жасалған, 160 орындық кең күту залы, ана мен бала бөлмесі бар. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін пандус пен мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған жеке сектор қарастырылған. Сонымен қатар, мамандандырылған орталықта клиент операторлардың көмегінсіз қызметтерді ала алатын өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да бар.
Сондай-ақ, ғимараттың ауданы 2700 шаршы метр, 300 көлікке жеткілікті автотұрағы бар. Сонымен қатар, тәжірибелік емтиханды тапсыруға арналған ауданы 0,4 гектарды құрайтын және “А” санатына емтихан тапсыру үшін ауданы 700 шаршы метрлік автодромы бар.
Айтпақшы, жаңа мамандандырылған ХҚКО-да көші-қон қызметі бағыты бойынша да қызметтер алуға болады. Оның ішінде ЖСН қалыптастыру және түзету, көшіп келушілерге жұмыс істеуге рұқсат беру және ұзарту, Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу деген сияқты қызметтер кіреді.