2024 жылы 3 қаңтар күні кешке Талғар ауданы “Талғар су” МҚК диспечерлік қызметіне құбыр жарылғаны туралы ақпарат келіп түскен. Салдарынан Тұздыбастау ауылының басым бөлігі сусыз қалды, деп хабарлайды kaskelen.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде тұрғындар 42 үйдің шіріген құбырдан су ішіп отырғанын және тозығы жеткен құбырларды ауыстыру керегі туралы жазған. Ауыл тұрғындары болған жағдайға аудан әкімдігін кінәлайды. Өйткені коммуналдық қызметтер мұндай жағдайдың болуы мүмкін екенін ескерткен.
“Оқиға орнына барған “Талғар су” мемлекеттік кәсіпорнының бригадасы тексеру барысында Тұздыбастау ауылының Ақан сері көшесіндегі жеке тұрғын үйдің астынан су құбыры жарылғанын анықтады. 1968 жылы салынған темір құбырлардың 90%-дан астамы тозған. Салдарынан су құбыры үш жерден жарылған. Үйді су басып кету қауіпі болғандықтан суды уақытша өшіруге тура келді”, – деп мәлімдеді “Талғар су” МҚК өкілдері.
4 қаңтардан бастап “Талғар су” МКҚК ұжымы құбырды қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Бүгінде ауыл тұрғындары түгелдей сумен қамтылды.
Жөндеу жұмыстарына кәсіпорынның 5 қызметкері, бір экскаватор, екі апаттық автокөлік, екі электр және газ дәнекерлеу аппараты және су таситын техника жұмылдырылды.