Алматы облысы Шелек ауылындағы “Хидаят” мешітінің имамы баламен болған жағдайдан кейін жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілігі қызметкерлерінің, Шелек ауылының тұрғындарының, мешіт дін қызметкерлерінің, жамағаттың және баланың ата-анасының қатысуымен арнайы кездесу өтті.
Кездесуде “Хидаят” мешітінің имамы өз қателігін мойындап, баланың ата-анасынан, сондай-ақ жұртшылықтан кешірім сұрады. Баланың заңды өкілдері имамды кешіріп, екі тарап өзара бітімге келді.
“Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы тиісті қорытынды шығарып, дөрекі әрекеттерге жол берген діни қызметкерге шара қолданды. Бас мүфтидің бұйрығымен “Хидаят” мешітінің имамы қызметінен босатылды”, – деп хабарлады ҚМДБ Алматы облысы бойынша өкілдігі.
ҚМДБ болашақта мұндай оқиғалар болмас үшін басқа имамдармен түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеді.
Еске салсақ, желіде жергілікті имамның намаз кезінде кішкентай баланы ұрған бейнежазбасы таралған еді.