Қазір адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқықтарын бұзу мәселелеріне талдау жүргізуде, деп хабарлайды Kaskelen.kz
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері әлеуметтік-экономикалық факторлар мен қоғамдағы қалыптасқан гендерлік стереотиптер. Мәжбүрлі түрде тұрмысқа шыққан қыздар көбіне серіктестерінің зорлық-зомбылығына ұшырайды. Мәжбүрлеп некеге тұру көбінесе қыздарды білім алу мен кәсіп ашу мүмкіндігінен айырады. Бұл олардың тәуелді және осал жағдайын ушықтырады.
“Елімізде, әсіресе оңтүстік өңірлерде тұрмысқа шығу мақсатында қыздарды ұрлау әлі де жиі кездесетін құбылыс. Кейбір жағдайларда мұндай әрекеттер жыныстық қол сұғылмаушылықты бұзуға, қорлауға, заңсыз бас бостандығынан айыруға, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соғады”, – делінген хабарламада.
Бұл мәселе бүкіл әлемде өте өзекті. 736 миллион әйел физикалық және басқа да зорлық-зомбылыққа ұшырады. Оның 640 миллионнан астамы (87%) – 15 жастан асқан қыздар мен әйелдер.
Тек соңғы екі жарым жылда біздің елде үй агрессорлары 300 адамның өліміне себепкер болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің – 913, ал денсаулыққа орташа зиян келтірудің 837 жағдайы тіркелді. 37 мыңнан астам адам түрлі жауапкершілікке тартылды.
Адам ұрлаумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды талдау 2019 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде осы санаттағы 214 қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелгенін көрсетті. Сонымен қатар, Қылмыстық кодексте мұндай құқық бұзушылықтың жеке элементі болмағандықтан, некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау фактілері бойынша нақты статистика жоқ.
“Қазір омбудсмен мекемесі қылмыстық заңнамаға бірқатар түзетулер енгізу, атап айтқанда, жеке бап енгізу және Қылмыстық кодекстің 125-бабына қылмыстық жауапкершіліктен босатуды көздейтін ескертуді алып тастау мүмкіндігін қарастыруда”, – деп атап өтті баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге Қылмыстық кодекске “Неке қию мақсатында адам ұрлау” жеке 125-1 бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды. Оның алдын алу әйелдерге қатысты қылмыс деңгейін төмендетеді деп күтілуде.