Күні кеше желіде жас әнші Ұланғасыр Қамиевтің мас күйде белгісіз біреулермен жаға жыртысып жатқан видеосы тараған еді. Хитмен өзінің бұл әрекетіне түсініктеме берді деп хабарлайды Kaskelen.kz
Көпшілік видеодағы азаматтың танымал әнші Ұланғасыр Қамиев екенін және оқиғаның Үшарал қаласында болғанын айтты. Жетісу облыстық полиция департаментінің түсініктемесінен кейін әнші осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.
Ұланғасыр Қамиев көпшілікті бейнежазбаға сенбеуге шақырды.
“Ассалаумағалейкум, қазақ елі. Қалайсыздар? Бүгін сонау Алматыдан Арқалық деген қалаға тойға келдік. Жұмыстың тығыз болуына байланысты кеше қайда болғаным өкінішке орай есімде жоқ. Бүгін Арқалық қаласындамыз. Бұл жаққа жол ұзақ екен. Келгенше желі ұстамады. Діттеген жерімізге жетіп, телефонды қоссам әлеуметтік желі мен туралы шулап жатыр екен.Дос-жаран, туған-туыс, оқырман хабарласып, жағдайымды сұрап жазып жатыр. Жағдайым жақсы. Видеодан көргендеріңіздей қатты ештеңе болған жоқ. Ондай жағдайларға етіміз үйреніп қалған шығар. Мұндай видеоларға сене берудің қажеті жоқ. Ол жерде расы да бар, өтірігі де бар. Сондықтан көріп тұрғандарыңыздай бәрі жақсы. Аман болыңыздар, сау болыңыздар”, – дейді жас әнші.
Айта кетейік, кеше әлеуметтік желіде жас жігіттің соққыға жығылған сәті түсірілген видео пайда болды. Көпшілік видеодағы соққыға жығылған жігіттің белгілі қазақстандық әнші екенін және оқиға Үшарал қаласында болғанын айтты.
Ал Жетісу облыстық полиция департаменті Алакөл аудандық полициясына бұл оқиға бойынша шағым түспегенін хабарлады. Анықтау барысында тойдың халал өткені, бірақ өнерпаздың мерекелік шарада ішімдік ішкені расталды.