Бүгін Шымкент қаласында бір үйдің 5 адамы газға уланып, қаза болды, деп хабарлайды kaskelen.kz ақпараттық порталы.
«Казтрансгаз аймақ» компаниясының айтуынша, қайғылы оқиға Ынтымақ ықшам ауданында болған.
«Апат бригадасы оқиға орнын тексерген кезде қабырғаға орнатылған жылыту қазандығында түтін шығару құбыры болмағаны, қазандық корпусының жоқ екені анықталды. Бұған қоса қазандық автоматикадан ажыратылған, сондай-ақ бөлмеде желдету құбыры болмаған»,— деді компанияның баспасөз қызметі.
Газ қызметкерлері бұған дейін үйді тексерген кезде қазандықтың жағдайын көріп, бұл үйді газдан ажыратқанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, үй иесі газды заңсыз қосып алған.
Оқиғаның себептері сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша нақтыланады.
Айта кетейік, бір күн бұрын Абай облысы Аягөз қаласында үй өртеніп, бір үйдің 4 баласы қаза тапқан еді.