Алматыда балаға қатыгездік көрсеткен ер адам видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Кадрлардан ер адам баланың қолын бұрап жатқанын көруге болады. Бұл кезде баланың жанұшыра айғайлағаны, бірақ жақын жерде тұрғандардың ешқайсысы оған көмекке бармағаны байқалады.
Бейнежазба астындағы пікірлер де сан түрлі. Біреулер қолдап жазса, ендібірі үлкен кісінің әрекетін теріске шығаруда.
“Дұрыс. Тілінен тапқан шығар”, “Үлкен адам жайдан-жай қол жұмсамайтын шығар”, “Қанша жерден бала кінәлі болсада дәл бұлай қолды мүлдем болмайды! Сындыруға шақ тұр, мына шалға не жоқ баламен бала болып тұрған. Есі дұрыс еместігі анық”, – деп жазды желі қолданушылары.
Одан бөлек, пікір қалдырушылардың басым көпшілігі видеоға түсіріп тұрған жанға араша түспегені үшін кінә артты.
Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
“Наурызбай аудандық полиция басқармасы дерек бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, заңға сәйкес шаралар қабылдап жатыр”, – делінген полиция хабарламасында.