Оқу-ағарту министрлігі шетелдік азаматтардың бала асырап алу тәртібі туралы түсініктеме беріп, қазіргі уақытта бұл процесс «Неке және отбасы туралы» Кодекс аясында нақты реттелетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, бала асырап алу талаптары күшейтілген, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Шетелдіктер тек соңғы амал ретінде бала асырай алады
Министрліктің мәліметінше, шетелдіктер баланы асырап алу құқығына тек ерекше жағдайларда, яғни баланың мүддесіне сай келсе және оның туыстары немесе қазақстандық азаматтар оны отбасына қабылдаудан бас тартқан жағдайда ғана ие болады. Бұл ретте асырап алу рәсімі тек аккредиттелген, коммерциялық емес агенттіктер арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Мұндай агенттіктердің қызметінен қандай да бір қаржылық немесе өзге пайда табуға тыйым салынған.
Аккредиттелген агенттіктер жұмысын тоқтатты
Бүгінде Қазақстанда екі коммерциялық емес агенттік ресми түрде аккредиттелген. Алайда соңғы екі жылда қазақстандық азаматтардың бала асырап алуға қызығушылығы артқаны байқалады. Бұл өз кезегінде шетелдіктер тарапынан асырап алынатын балалардың болмауына әкеліп, агенттіктер қызметінің тоқтап қалуына себеп болған.
Ішкі асырап алу – басым бағыт
2024 жылдың басынан бері 1 487 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала қазақстандық отбасыларға әртүрлі тәртіппен берілген. Оның ішінде қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, патронаттық отбасы және толық асырап алу тәртібі бар.
Жаңа отбасы форматы енгізіледі
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат отырысында жетім балаларды асырап алу тәртібін жеңілдету мақсатында қандай шаралар қолға алынғанын атап өткен болатын. Соның бір бағыты ретінде 2025 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанда отбасылық орналастырудың жаңа формасы – баланы қабылдаушы кәсіби отбасы институты енгізілмек. Бұл модель баланы ұзақмерзімді әрі қауіпсіз ортада тәрбиелеуге бағытталған.