2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елімізде 2 млн 481 мың зейнеткер бар. Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 трлн 745,9 млрд теңге көлемінде зейнетақы төленді. Бұл сома екі негізгі бөліктен тұрады: базалық зейнетақыға – 564,7 млрд теңге, ал ынтымақты зейнетақыға – 1 трлн 181,2 млрд теңге жұмсалған, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 502 теңге болды. Оның ішінде:
-
Ынтымақты зейнетақы – 95 814 теңге
-
Базалық зейнетақы – 47 688 теңге
«2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері инфляция деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляциядан 2 пайызға озып ұлғайтылды», — делінген министрлік хабарламасында.
Базалық зейнетақы кезең-кезеңімен өсіп келеді
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на, ал ең жоғары мөлшерін 120%-ға жеткізу жоспарланған.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
-
Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 65%-дан 70%-ға дейін ұлғайтылды — 32 360 теңге
-
Ең жоғары мөлшері 105%-дан 110%-ға дейін көтерілді — 50 851 теңге
Еңбек өтілі – басты фактор
2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы әр адамның зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай жеке есептеледі. Бұл ретте:
-
1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыт,
-
Міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер – еңбек өтіліне есептеледі.
«Егер азаматтың зейнетақы өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 70%-ын ғана құрайды. Ал әр қосымша жыл үшін бұл мөлшер 2%-ға артады», — деп ескертеді министрлік.
Мәселен, егер еңбек өтілі 20 жыл болса – базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 90%-ына, ал 30 жыл және одан көп болса – 110%-ына тең болады.
Жинақтаушы жүйе қалай жұмыс істейді?
Егер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) бір айда бірнеше жарна аударылса, бұл кезең бір ай ретінде ғана есептеледі. Сондықтан жарналардың тұрақты әрі толық көлемде төленуі – болашақтағы базалық зейнетақы мөлшеріне тікелей әсер етеді.
Зейнетақы қалай есептеледі?
Жасына байланысты зейнетақы мөлшері:
-
1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне (кем дегенде 6 ай болуы қажет)
-
Зейнетке шыққанға дейінгі орташа айлық табысқа байланысты белгіленеді.