Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, әрбір кәмелет жасқа толған азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер учаскесін тегін алуға құқылы. Бұл – мемлекет тарапынан берілетін құқық және мүмкіндікті пайдалану үшін арнайы тіркеуден өту қажет.
Жер учаскесін кім ала алады?
-
Қазақстан Республикасының кәмелет жасына толған кез келген азаматы өтінім бере алады.
-
Үміткердің атына тіркелген басқа үй, пәтер немесе жер телімі болуы – кедергі емес.
-
Жер тек бір рет беріледі және облыс немесе қала аумағында ғана алынады.
Жерді қалай алуға болады?
Жер учаскесін алу Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы жүзеге асырылады:
-
Egov.kz сайтына кіріңіз
-
«Жылжымайтын мүлік» бөлімін таңдаңыз
-
«Жер қатынастары» → «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу кезегін қарау немесе тіркеу (10 сотық)» қызметін таңдаңыз
-
Онлайн өтінім беріңіз, авторизациядан өтіп, қажетті деректерді толтырыңыз
Кезек мәртебесін Жер кадастрының көпшілік картасы арқылы тексеруге болады.
Жер учаскесі берілгені туралы SMS-хабарлама автоматты түрде жіберіледі.
Жерді кім, қашан және қалай береді?
-
Жер тек инфрақұрылымы (су, электр) тартылған аумақтардан беріледі;
-
Жер бөлу туралы шешімді жергілікті әкімдік қабылдайды;
-
Жер алдымен жалға беріледі, үй салынған соң ғана жеке меншікке өткізіледі;
-
Үйдің пайдалануға қабылдану актісі негізінде меншікке рәсімделеді;
-
Әкімдіктер тоқсан сайын кезек пен дайын аумақтар туралы ақпаратты ресми сайттарда және БАҚ арқылы жариялауы тиіс.
Егер бұрын мемлекеттен тегін жер алған болсаңыз немесе сұралған жерде бос жер телімі болмаса, кезекке тұру мүмкін емес.
Маңызды ескерту:
-
Тегін берілген 10 сотық жер үй салуға жарамсыз болса, азамат қайтадан кезекке тұра алады.
-
Қазіргі таңда “Жер учаскесін алу кезегінің тізілімінде” 4,2 млн-нан астам азамат тіркелген.
Саяси қолдау
2023 жылы Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков бұл мәселені көтеріп, 10 сотық жер телімін берудің ашықтығы мен тиімділігін арттыруды ұсынған болатын.