Ұлттық домбыра күні – қазақ халқының төл өнерін ұлықтайтын ерекше мереке. 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі Қазақстанда ресми түрде аталып өтеді. Бұл күн – ұлттық мұраның символына айналған домбыра аспабына көрсетілетін құрмет. Осы атаулы күн аясында ел аумағында бой көтерген домбыра ескерткіштері мен монументтеріне шолу жасауды жөн көрдік.
1. Ақтөбе – алғашқы домбыра ескерткіші
2016 жылы Ақтөбе қаласында Қазақстандағы алғашқы домбыра ескерткіші ашылды. Авторы – мүсінші Қ. Есжанов. Темірден құйылған ескерткіштің биіктігі – 6,3 м. Үкі тағылған қос ішекті домбыраның 12 пернесі бар.
2. Көкшетау – архитектуралық композиция
2019 жылы Көкшетаудың 195 жылдығына орай 11 метрлік “Домбыра” архитектуралық композициясы орнатылды. Металл мен бетоннан жасалған нысан авторы – М.Бұрмағанов.
3. Алматы – домбыра пішініндегі субұрқақ
Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы маңында домбыра пішініндегі алғашқы субұрқақ орналасқан. Ұзындығы – 10,25 м, авторлары – Н.Қаныбеков пен Н.Қуанышбеков.
4. Индербор (Атырау облысы) – Абдолла домбырасы
Орталық саябақта орналасқан 7,5 метрлік “Абдолла домбырасы” монументі түнде жарық шаммен жарқырайды. Бұл ескерткішке жергілікті өнерпаздардың есімдері жазылған.
5. Шымкент – күй ойнайтын ескерткіш
“Түркістан” сарайы алдында орнатылған дыбыстық домбыра ескерткіші – ерекше нысан. Жақындасаңыз, күй күмбірлей жөнеледі. Ұзындығы – 7,5 м, ені – 1,5 м.
6. Жарма (ШҚО) – шыны пластиктен жасалған туынды
2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында 7 метрлік домбыра ескерткіші ашылды. Шыны пластиктен жасалған, қола түспен әрленген. Авторы – Н.Қалиев.
7. Түркістан облысы – бірнеше ескерткіш
Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында және Созақ ауданы Шолаққорған ауылында орнатылған “Күй құдіреті” монументтері жергілікті күйші-композиторларға арналды.
Төлеби ауданындағы Қаратөбе ауылында да биіктігі 1,4 м болатын домбыра үлгісіндегі белгі бар.
8. Жалпақтал (БҚО) – мектеп түлектерінің тартуы
Қазталов ауданы Жалпақтал ауылындағы “Домбыра” монументі – мектеп түлектерінің туған жерге жасаған тартуы. 2023 жылы бой көтерген.
9. Ақтоғай (Қарағанды облысы) – ауқымды кешен
Биіктігі – 12 м, аумағы – 80 шаршы метрді қамтитын бұл монумент – аймақтағы ең ірі домбыра композицияларының бірі.
10. Қызылорда – “Сыр сүлейлері” аллеясы
Қобыз, домбыра, қалам мен найза бейнеленген ескерткіш Қызылорданың тарихи-мәдени келбетін аша түседі. Авторлары – А.Кененбаев, М.Сыдықов және С.Мәкібаев.
Сондай-ақ, Шиелі ауданында күйші Әділбек Тәшімовке арналған ескерткіш те бар. Ол – “Шиелі толғауы” күйіне арналды.
Домбыра – қазақ халқының болмысын бейнелейтін киелі аспап. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі осындай музыкалық мұраны дәріптейтін ескерткіштер – ұлт мәдениетінің айқын көрінісі. Ұлттық домбыра күні – бұл тек өнерді еске алу ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа рухани тәрбие беретін маңызды күн.