Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк және микроқаржылық ұйымдардың (МҚҰ) жұмысын қатаңдатуға бағытталған заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірледі. Жаңа нормалар несие алушылардың құқықтарын қорғау, алаяқтықтың алдын алу және қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Онлайн несиелерге — 24 сағаттық кідіріс
Сомасы 150 АЕК-тен (589 800 теңгеден) асатын кепілсіз онлайн несиелер үшін қаражатты дереу аударуға тыйым салынады. Енді банк немесе МҚҰ қарыз алушы келісімшартқа қол қойған соң, кемінде 24 сағат күтіп, тек қарыз алушының қосымша келісімімен ғана қаражатты аудара алады. Бұл келісімді электрондық үкімет порталы арқылы растау мүмкіндігі ұсынылады.
Бір күнде бірнеше микрокредит алуға — шектеу
Азамат бір күн ішінде бірнеше микрокредит рәсімдеп, олардың жиынтық сомасы 150 АЕК-тен асқан жағдайда, келесі қарызды беру кідіртіледі немесе кейінге шегеріледі. Бұл талап микрокредиттік тәуекелдер мен артық қарыз жүктемесін болдырмауға бағытталған.
Ірі несие тек жеке келіп рәсімделеді
150 АЕК-тен жоғары сомадағы тұтынушылық несие немесе микрокредитті алғаш рет рәсімдейтін азаматтар үшін келісімшартты тек банк немесе МҚҰ бөлімшесіне жеке келіп жасау міндетті болады. Бұл азаматтардың қаржылық жауапкершілігін түсініп, шешім қабылдауына мүмкіндік береді.
Жас ерекшелігіне қарай — ерекше тәртіп
21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтарға тұтынушылық несие мен микрокредит беру тек нақты және түсінікті келісім алумен ғана жүзеге асырылады. Бұл топтар қаржылық осал деп танылып отыр.
Банктік және микроқаржылық омбудсменге — қазақ тілі талабы
Жоба аясында банктік және микроқаржылық омбудсмен лауазымына үміткерлерге КАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді В2 деңгейінде меңгеру талабы енгізіледі. Бұл шара қарыз алушылармен сапалы әрі түсінікті қарым-қатынас орнату үшін маңызды.
Неліктен бұл өзгерістер қажет?
Қаржы нарығын реттеуші агенттік түсіндіргендей, жаңа нормалар:
-
Несие алаяқтығының алдын алу;
-
Онлайн несиелеу кезінде тәуекелді азайту;
-
Банк пен МҚҰ-ның жауапкершілігін арттыру;
-
Қарыз алушылардың құқықтарын жүйелі қорғау мақсатында әзірленген.
Жаңа ережелер қаржы ұйымдары мен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты ашық әрі әділ етуге бағытталған. Бұл өзгерістер күшіне енгеннен кейін несие рәсімдеу рәсімі айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Азаматтарға қаржылық шешім қабылдағанда мұқият болуға кеңес беріледі.