2023 жылдан 2025 жылдың мамырына дейін Қазақстандағы төрт екінші деңгейлі банк мемлекеттен алған 409,6 млрд теңге көлеміндегі қолдау қаражатын мерзімінен бұрын ішінара қайтарды, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Қаржыны мерзімінен бұрын қайтарған банктердің қатарында:
-
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ – жалпы 250 млрд теңге қайтарған. Оның ішінде 68,4 млрд теңге – 2023 жылы, ал 181,6 млрд теңге – 2024 жылы өтелген;
-
«Jusan Bank» АҚ – 2024 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-нан бөлінген 100 млрд теңге субординациялық облигацияларды мерзімінен бұрын сатып алды;
-
«Bank RBK» АҚ және «Банк ЦентрКредит» АҚ – жалпы 59,6 млрд теңге көлемінде қаржыны мерзімінен бұрын қайтарды. Оның ішінде Bank RBK – 29,6 млрд теңге, БЦК – 30 млрд теңге қайтарған.
Алайда қазіргі таңда бес банктің балансында мемлекеттен бөлінген 1,4 трлн теңге көлеміндегі қолдау қаржысы бар. Бұл қаражаттар қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және банктерді сауықтыру мақсатында берілген:
-
«Jusan Bank» АҚ (қазір — Alatau City Bank) — 1 000,2 млрд теңге
-
«Bank RBK» АҚ — 214,1 млрд теңге
-
«Еуразиялық банк» АҚ — 150 млрд теңге
-
«Nurbank» АҚ — 46,8 млрд теңге
-
«Банк ЦентрКредит» АҚ — 30 млрд теңге
Айта кетейік, жақында ребрендингтен өткен Jusan Bank енді Alatau City Bank деп аталады. Алайда, банктің баспасөз қызметі атау өзгерісінің мемлекет алдындағы қаржылық міндеттемелерге әсер етпейтінін хабарлады.
Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі «ҚР банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру» бағдарламасы аясында ұсынылған болатын. Бұған дейін Ұлттық Банк 2017–2020 жылдар аралығында екінші деңгейлі банктерге шамамен 700 млрд теңге көлемінде субординацияланған облигация түрінде қолдау көрсеткенін мәлімдеген еді.
Мемлекетке қайтарылатын қаражат банктер мен мемлекет арасындағы келісімшарт шарттарына сәйкес өтеледі. Бірақ олардың толық өтеу кестесі туралы ақпаратты Қазақстанның орнықтылық қоры жария етпеді. Қор бұл мәліметтің ашық ақпарат санатына жатпайтынын айтып, сұрауға жауап беруден бас тартты.