Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін «Employment Permit System» (EPS) жүйесіне қосылу процесі 2025 жылы аяқталуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин мәлім етті, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Тілшілермен әңгіме барысында ол Қазақстанның оңтүстіккореялық еңбек жүйесіне тіркелу барысына тоқталды:
— Өткен жылы Қазақстанда көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды, оның мақсаттарының бірі − қазақстандықтарға шетелде жұмысқа орналасуға және заңды еңбек етуіне мүмкіндік беру. Осы бағытта бірқатар елдермен келісім жасасу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Қатармен қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру жөнінде келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореямен де ауқымды жұмыс жүргізілді, — деді Әбілхатин Үкімет үйінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтардың басым бөлігі — елдің оңтүстік өңірлерінің тұрғындары.
— Өкінішке қарай, олар қазір Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүр. Біздің мақсатымыз — олардың еңбегін заңдастыру. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрлігі тиісті ұсыныстарды Оңтүстік Кореяға жолдады. Алайда, бұл елде үкімет ауысқаннан кейін процесс сәл баяулады. Дегенмен, жаңа үкімет пен президенттің келуін ескере отырып, былтыр басталған жұмыс биыл аяқталады деп ойлаймын. Бұл процесс Қазақстанға емес, толықтай Оңтүстік Корея үкіметінің шешіміне байланысты, — деп түсіндірді министрлік өкілі.
Айта кетейік, бүгін өткен Үкімет отырысында өндірісте еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек саласын толық цифрландыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ, елімізде еңбек қауіпсіздігі мамандарын даярлайтын жаңа оқу орталығы ашылатыны белгілі болды.