Алматыда биыл мемлекет мұқтажы үшін 1 235 жер телімі мен жылжымайтын мүлік нысанын сатып алу жоспарланып отыр, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының дерегінше, 2024 жылдың өзінде 452 жер учаскесі мен нысан сатып алынған. Олар білім беру, денсаулық сақтау, инженерлік және көлік инфрақұрылымы мен қаланы абаттандыру жобаларына қажет болған.
«Бұл учаскелер көлік және жол инфрақұрылымын дамытуға, инженерлік желілер тартуға, әлеуметтік нысандар – мектептер, емханалар, балабақшалар, саябақтар салуға, сондай-ақ көшкін қаупі бар аумақтарды жою үшін алынды», – делінген басқарма мәліметінде.
Алайда, аталған жобалардың қатарында метро құрылысына қажетті жерлер жоқ.
«Алматы қаласында метроның жаңа желісінің құрылысы бойынша (әуежайға дейін) нақты ақпараттың болмауына және жергілікті атқарушы органның жер учаскелерін алып қою туралы қаулысының болмауына байланысты нақты жұмыстар басталған жоқ», – дейді Жер қатынастары басқармасы.
Бұған дейін Алматы қаласы Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков 2023 жылы 126 жер учаскесін сатып алуға 9 млрд теңге бөлінетінін хабарлаған еді. Ол бұл учаскелердің қолданыстағы көшелерді кеңейту мен метро салуға қажет екенін атап өткен.
Айта кетейік, Алматыда мемлекет қажетіне жер телімін алу әрдайым жылдам әрі оңай жүзеге аса бермейді. Мәселен, былтыр Саин көшесінің жаңа бөлігі уақытылы ашылмай, бар болғаны бір үйді босату процесі жобаны тоқтатып тастаған.
Алматы әкімдігі алдағы жылдары метрополитен желісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Екінші желі «Жібек жолы» бекетінен әуежайға дейін, ал үшінші желі «Сайран» бекетінен «Барахолка» базары арқылы Алатау қаласына дейін жалғасуы тиіс.