Сауда және интеграция министрлігі күнбағыс майы, ұн, тауық жұмыртқасы, арақ және тағы бірнеше өнімге бағаның ең төменгі деңгейін (БТД) енгізу туралы түсініктеме берді. Бұл бастама тұтынушы бағасына әсер етпейді, тек импорттық салықты есептеу үшін қолданылады, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, БТД – импорт кезінде ҚҚС-ты (қосылған құн салығы) әділ бағамен есептеу тетігі. Бұл шара өте төмен бағамен әкелінетін тауарлар арқылы салықтан жалтарудың алдын алуға бағытталған.
«Бағаның ең төменгі деңгейі — импорттаушы мәлімдеген баға мен отандық өндірушілердің бағасы арасындағы орташа мән. Бұл тек ҚҚС сомасын есептеу үшін қолданылады және көтерме не бөлшек бағаға әсер етпейді», — делінген министрлік таратқан хабарламада.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап БТД келесі 11 тауар түріне енгізіледі. Олар:
– күнбағыс майы
– ұн
– тауық жұмыртқасы
– арақ
– шұжық өнімдері
– алма
және тағы бірнеше тұтыну тауарлары.
Неліктен бұл қажет?
Салық органдары кей жағдайларда тауарлар тым арзан бағамен импортталғанын анықтаған. Мысалы:
-
2023 жылы тоннасы 120–140 мың теңге тұратын бидай небәрі 9 мың теңгеден енгізілген;
-
2024 жылы күнбағыс майы литрі 814 теңге болған кезде, 275 теңгеден төмен бағамен кірген;
-
2025 жылы алма 500 теңге/кг болса да, 9 теңгеден әкелінген;
-
Шұжық — орташа нарықтық құны 3500 теңге болса да, 695 теңгеден өткізілген.
Мұндай айырмашылықтар мемлекеттік бюджетке түсетін ҚҚС мөлшерінің күрт төмендеуіне алып келеді.
БТД – бұл салықтық әділеттілікті қамтамасыз ету тетігі
Бұл жүйе 2021 жылы Салық органдарының бастамасымен қабылданып, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген. Енді тоқсан сайынғы өзгерістер ескеріліп, БТД көрсеткіштері жаңартылып отырады. Бұл маусымдық ауытқулар мен әлемдік баға конъюнктурасына бейімделу үшін қажет.
«БТД көтерме немесе бөлшек саудадағы нақты баға емес, ол салықты есептеудегі база ретінде қолданылады», – деп атап өтті министрлік.