Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында ел азаматтарына, қандастарға және тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге ота тегін жасалады, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
ТМККК аясында тегін ота:
- Қазақстан Республикасының азаматтарына;
- Қандастарға;
- Тұруға ықтиярхаты бар адамдарға жасалады.
- Көмек жоспарлы түрде де, күтпеген оқыс жағдайларда да көрсетіледі.
– Операциялар медициналық көрсетілімдер болған кезде жүргізіледі, ол жоспарлы және шұғыл хирургиялық араласуды қажет етуі мүмкін. Қымбат, жоғары технологиялық оталар да бұл санатқа жататын азаматтарға қолжетімді екенін, яғни тегін жасалатынын айта кету қажет, – дейді Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы сарапшылары.
Бір себептермен медициналық көмек көрсетілмесе немесе науқас медициналық көрсетілімдер бойынша жолдама ала алмаса, ол пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алады.
– Қазақстанда осындай мәселелерді шешумен айналысатын арнайы қызметтер жұмыс істейді. Егер мәселе емхана немесе емдеу мекемесі деңгейінде шешілмесе, сырқаттар «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы арқылы немесе 1414 байланыс орталығына, Telegram-дағы Saqtandyru-bot-қа және msqory.kz ресми сайт арқылы жүгіне алады, – дейді ӘМСҚ Шымкент қалалық филиалының баспасөз хатшысы Сәуле Алжанбаева.