Қазақстан өмір сүру деңгейі бойынша Human Progress Index (HPI) рейтингінде 196 елдің ішінде 70-орынға тұрақтады, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
2025 жылғы Адам даму индексі (HPI) тұрғындардың жалпы тұрмыс сапасын, өмір сүру ұзақтығын, білім деңгейін, жан басына шаққандағы табыс көлемін, саяси тұрақтылықты және даму әлеуетін қамтитын кең көлемді көрсеткіштерге негізделген.
Зерттеу үш негізгі көрсеткіш бағытында — тұрақтылық, өмірге қанағаттану деңгейі және үйлесімділік бойынша жүргізіліп, әрқайсысы 100 балдық шкалада бағаланған.
Рейтинг көшін Швейцария бастады, ал оның ізін Норвегия мен Исландия басты. Үздік ондыққа Гонконг, Швеция, Дания, Германия, Ирландия, Сингапур және Австралия сынды елдер енді.
Қазақстан 79.32 ұпай жинап, «өмір сапасы өте жоғары» санатына кірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы артқаны туралы хабарланған болатын. Бұл — елдегі әлеуметтік, медициналық және экономикалық көрсеткіштердің біртіндеп жақсарып келе жатқанын көрсетеді.