Қазақстанда сырттай (онлайн) жоғары білім беруге лицензиясы бар бір ғана университет бар. Сырттай оқуға қатысты толығырақ Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова айтып берді, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
— 2022 жылы жоғары оқу орындарында күндізгі оқумен қатар онлайн білім алуды көздейтін заң қабылданды. Бұл оқытудың лицензияланған түрі, бүгінде бір жоғары оқу орны (Satbayev University) студенттерді онлайн (сырттай) оқытуға лицензия алды. Онлайн оқыту үшін жоғары оқу орнының цифрлық немесе онлайн-платформасының болуы ғана емес, жүйенің дайындығы, сондай-ақ университет онлайн білім алушы студенттерді әлеуметтендіру мүмкіндігін көрсетуі тиіс. Осыған байланысты, қазір жоғары оқу орындары дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан шығар, — деді Гүлжан Жарасова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзінше арнайы лицензия алған жоғары оқу орны студенттерді онлайн оқыта алады.
— Жалпы қашықтан оқыту білім беру бағдарламаларына енгізілген, бірақ оқу форматына жатпайды. Бүгінде білім беру бағдарламаларының құрылымы мен күрделілігіне байланысты 20-дан 50%-ға дейін қашықтан оқыту технологияларын қолдану арқылы білім беруге болады. Бірақ, заңға сәйкес тек педагогикалық және медициналық мамандықтарға тыйым салынады, басқа бағыттар бойынша жоғары оқу орындары белсенді қолданып жатыр, — дейді ол.
Айта кетсек, бүгінде еліміз Google, Huawei, NVIDIA секілді халықаралық алпауыт компаниялармен ынтымақтастық орнатып жоғары білім саласында бірлесіп жұмыс істеп жатыр.