ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда шетелдік ЖОО филиалдарына түсу талаптары туралы айтып берді, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
«Мұндағы маңызды нәрсе — талапкерлерді іріктеуді шетелдік филиалдардың өзі жүргізеді, біз оған рұқсатымызды бердік. Өйткені әр университеттің студент қабылдаудағы өз талаптары болады, тіл білімін дәлелдейтін IELTS сертификаты сұралады, біз оған араласа алмаймыз. Бір ғана жеңілдік: алғашқы жылы тілге қойылатын талаптарды төмендеттік, өйткені оқуға түскендердің барлығы алдымен foundation — дайындық курсынан өтеді. Олар жыл бойы тіл, академиялық жазу, зерттеу әдістерін қарқынды үйренеді. Бакалавриаттың бірінші жылын бастау үшін тіл деңгейін қажетті деңгейге көтеретін уақыт бар», — деп түсіндірді С. Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзінше, шетелдік ЖОО филиалдарының оқуға қабылдау мерзімдері де басқаша, шақыру науқаны ақпан айынан бері жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік гранттар да бөлінеді.
«Осы филиалдарға түсетін барлық студенттерге әзірше гранттар беріледі. Бұл филиалды қолдау үшін қажет», — деді министр.
Оқытушылар арасында міндетті түрде халықаралық мамандар болады.
Бұдан бөлек, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, шетелде білім алған қазақстандықтар белсенді түрде тартылады. Бұл ретте жергілікті серіктес ЖОО өз оқытушыларын шетелдік кеңсеге оқуға жібереді.
Мәселен, қазір Эдинбургте 16 қазақстандық оқытушы білім алуда. Бұл қосымша пәндерді жергілікті ресурстар есебінен оқыту үшін жасалып отыр.
«Шетелдік серіктес сапа стандартына кепілдік береді және барлық негізгі пәндерді олардың үздік оқытушы-профессорлары оқытады», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.