Мұнайды геологиялық барлау жұмыстарының тек 25 пайызы ғана оң нәтиже береді. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына эксклюзивті сұхбат берген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
– Дәлелденген мұнай қорын айтар болсақ, 4,4 млрд тонна. Бұл қатып қалған цифр емес. Себебі, оған геологиялық барлау жұмыстарының арқасында анықталатын мұнай қорлары қосылып отырады. Мұнайдың қазіргі көлемін жылына 100 млн тона өндіреміз деп бөліп, 45 жылға ғана жетеді деу қате ұғым. Тек ұлттық компания ғана емес, еліміздегі жер қойнауын пайдаланатын 200-ден астам мұнай компаниясы барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді Асхат Хасенов.
Оның айтуынша, еліміздің геологтары шөгінді бассейндер бойынша ауқымды жұмыс істеді. Нәтижесінде олар 15 шөгінді бассейндегі мұнай қорының көлемін 76 млрд тоннаға жетеді деген тұжырымға келіп отыр.
– Бірақ, оны дәлелдеу керек. Дәлелдеу үшін геологиялық зерттеу, барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Иә, геологиялық барлау жұмыстары баяу болғанымен жүргізіліп жатыр. Мәселен, біз көптеген учаскеде бұрғылау жұмыстарын бастап кеттік. Кеңестік замандағы жоспарлы экономика кезінде кен іздегенде ең бастысы бұрғылау жұмыстары болатын. Ал қазір көзқарас басқаша. Капитал тұрғысында шығын өте үлкен. Статистикаға қарасақ, геологиялық барлауы жұмыстарының 25 пайызы ғана оң нәтиже береді. Яғни, 10 ұңғыма қазса, оның екі-үшеуі ғана нәтижелі. Ал оған қыруар қаржы жұмсалады, – деді компания басшысы.