Танымал композитор, әнші Мархаба Сәби жас әртіс Мирас Жүгінісовке өкпелі, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Сазгердің айтуы бойынша, әншінің хитке айналған біраз әніне мәтін жазып берген көрінеді.
“Бүгін мен Мирас Жүгінісовке, жалпы, Жүгінісовтер отбасына деген ренішімді, көңілімнің қалғанын айтқым келіп, білдіргім келіп отыр. Осыған дейін үндемей келдім. Бірақ біраз миға қонбайтын нәрселер жасап жатыр. Біз Мирас Жүгінісовпен, Мұрат Қабылов деген тамаша композитор бала үшеуміз 2018-2019-жылдары Мирастың алғашқы шығармашылық жолын бастағанбыз. Мұрат Қабылов әнін, мен сөзін жазамын. “Әдетте тәтті-тәтті бәрі басында”, “Сүйем, сені сүйем”, “Мың есе”, “Ол” сияқты әндерді жаздық. Біраз сәтті жұмыс атқардық. Сол кезде мәтінді 70 мың теңгеге жазып жүрдім, бірақ мен ақша үшін жасаған жоқпын, Мұраттың әндерін ұнаттым. Бір кезеңге дейін жақсы жұмыс істеп келдік. Бірақ әндері жақсы тарап, атақ келе бастаған соң, Мирастан бір өзгеріс байқадым. Көкірегін көрдім, мінезін байқағаннан кейін “осы жерден тоқтата қояйық, мен саған енді мәтін жазбаймын. Бірақ осыған дейін жазған жұмыстарды айта бер, орындай бер, себебі халыққа тарап кетті, мен қызғаншақ адам емеспін, қызығын көре ғой” деп бердім”, – деп бастады әңгімесін сазгер.
Біраз уақыт өткеннен кейін, Мұрат хабарласады. Ол шығармашылық жолын бастағалы жатқанын айтып, әнге сөз жазып беруін өтінеді.
“Өзің айтатын болсаң жазайын, бірақ Мирасқа емес” деп ескерттім. Солай “Сен туралы ғажайып, шытырман толы роман жазғым келеді” деген кеңінен таралған әнді және “Уақыт” деген әнді Мұрат Қабыловтың өзіне жазып бердім. Бірақ оны неге екенін білмеймін, Мұрат емес, Мирас айтып шықты. Менің рұқсатымсыз, ешқандай ескертусіз жариялап шығарды. Оның үстіне, менің атымды автор ретінде еш жерде көрсетпей шығарып жіберді”. Мұны Мирастың өзі жазғандай шығарған. Не деген құрметсіздік?! Түсіне алмадым”, – деді Мархаба.
Сонымен қатар отандық “Қазақстан дауысы” жобасында Мирастың інісі Мұхаммедәлі “Уақыт” әнін орындап, авторы басқа екенін көрсеткен. Мұны көрген Мархаба Сәби қатты ренжіп қалған.
“Уақыт” деген әнге композитор деп Мұрат Қабылов деп жазылыпты, сөзіне басқа адамды белгілеп қойыпты. Мен өз атымды таба алмадым. Жалпы, “Уақыт” – мен үшін қымбат ән туынды, 2019 жылы шыққан, өте қиын кезең, карантин кезінде жазғам. Уақыттың қадірін санасы тоғысқан адам, өмірді көрген адам, білімі бар адам ғана мұндай нәрсе жаза алады. Ал бұл балаларға қазір атақ қызық, ақша қызық. Олар мұндай әндердің қадірін қайдан білсін?! Құрметсіздік жасап отыр, көңілім қалды. Аузынан сүті кетпеген, жас, шала піскен балалардан көңілім қалды. Мысалы, Роза Рымбаеваға да бір мәтін жазып бергем. Ол кісі әр концертінде менің атымды атап айтып, құрметін білдіріп жатады. Бұл әншінің ішкі мәдениеті мен сана сезімінің биік екенін екенін көрсетеді. Ал Мирас Жүгінісовтің бұл ісі – өкінішті жағдай”, – дейді өнер иесі.