Қазақстанда әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру мақсатында енгізілген Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) бүгінде 20 миллион азаматты немесе 6,2 миллионнан астам отбасын қамтып отыр. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелерінен алынған деректерге негізделген.
Цифрлық карта не үшін қажет?
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексіне сәйкес, Отбасының цифрлық картасы – елдің әлеуметтік саясатын тиімді жоспарлауға және оның орта әрі ұзақ мерзімді бағыттарын айқындауға арналған маңызды құрал.
Сонымен қатар, бұл жүйе азаматтардың әлеуметтік мәртебесін ескере отырып, олар қандай мемлекеттік қолдауға құқылы екенін күнделікті SMS хабарламалар арқылы хабарлап отырады. Бұл өз кезегінде бюрократиялық кедергілерді азайтып, көмекті дер кезінде алуға мүмкіндік береді.
Қандай көмектер автоматты түрде рәсімделеді?
Қазіргі таңда ОЦК арқылы ешқандай өтінішсіз келесі 11 түрлі әлеуметтік төлем мен жәрдемақы автоматты түрде рәсімделеді:
-
Еңбек ету қабілетінен айырылғанда төленетін әлеуметтік төлем
-
Жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем
-
Асыраушысынан айырылуға байланысты төлем
-
Бала тууына және оны күтуге байланысты жәрдемақы
-
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге жәрдемақы
-
Мүгедектік бойынша жәрдемақы
-
Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы
-
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне арналған жәрдемақы
-
Атаулы әлеуметтік көмек
-
Жерлеуге берілетін біржолғы төлем
-
Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға жұмыспен қамту шаралары туралы хабарламалар
Сонымен қатар, зейнетақы төлемдерін алу, қандас мәртебесін беру және ұзарту, жұмыссыздарға арналған ұсыныстар сияқты процестер де цифрлық карта арқылы оңтайландырылған.
Қалай жұмыс істейді?
Әлеуметтік қолдауға құқық туындаған жағдайда, азаматтың ұялы телефонына 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жолданады. Азамат сол хабарламаға келісім білдірсе, өтініш автоматты түрде рәсімделіп, тиісті төлем немесе жәрдемақы банк шотына аударылады.
Маңызды: Алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін SMS 1414 нөмірінен келгенде ғана жауап беру қажет.
Қиын жағдайдағы азаматтар кім?
Цифрлық карта мәліметтері бойынша, 564 мыңнан астам қазақстандық өмірлік қиын жағдайдағы азаматтар санатына жатады. Бұл статистика тиісті органдардың осы санаттағы адамдарға көмек көрсетуді жүйелі жоспарлауына мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызмет көрсету жетілдіріліп жатыр
ОЦК көмегімен бүгінде 116 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қызметтер көрсетілген. Бұл – жаңа цифрлық жүйенің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдей түсетін көрсеткіш.
Отбасының цифрлық картасы – азамат пен мемлекет арасындағы байланысты жеңілдетіп, мемлекеттік көмекті дер кезінде алу мүмкіндігін арттыратын заманауи құрал. Қажет ақпаратты алу немесе түсініспеушілік туындаған жағдайда, 1414 нөміріне хабарласуға болады (қоңырау шалу тегін).