Алматы облысында оқушы мен химия пәнінің мұғалімі арасында жанжал орын алды. Оқиғаның видеосын 8-сынып оқушысының анасы жариялаған, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Оқушы анасының сөзінше, Алматы облысы Іле ауданындағы ауылдық мектептердің бірінде химия сабағында мұғалім оқушыны үйде дәптерін ұмытып кеткені үшін қолын көтеріп, айғайлаған. Дәлел ретінде әйел мұғалімнің оқушымен жоғары дауыспен сөйлеп, оның қолынан ұстап, итеріп жіберген видеосын жариялаған. Ол бұл факті бойынша күйеуінің полицияға хабарласқанын жеткізген.
“Бір апта бұрын баламның химия пәнінің мұғалімі сабаққа екі минут кешігіп келгені үшін артынан бір теуіп, сыныптан шығарып жіберген. Бүкіл мектеп ұжымы мұғалімді жақтап отыр. Кейбір балалардың қылығы мұғалімнің ашуын тудырады. Менің ұлым жүйке ауруына байланысты денесінде бөртпе пайда болды. Мен ұстаздардың оқушыға қарсы қол көтеруге құқығы жоқ деп санаймын”, – дейді жәбірленген оқушының анасы.
Алматы облысының әкімдігі химия пәнінің мұғаліміне қатаң сөгіс жарияланып, Алматы облысы білім басқармасының комиссиясы жүргізген тексеруден кейін түсіндірме әңгіме жүргізілгенін мәлімдеді.
Осындай жағдайлар туындаған жағдайда мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары +7 707 170 67 27 нөміріне хабарласа алатыны хабарланды.
Облыстық полиция 25 қаңтарда ауыл тұрғынының арызы қабылданғанын айтты.
“Аталған факті аудандық ішкі істер бөліміне тіркелді. Мұғалімге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен бірге, кәмелетке толмаған баланың ата-анасының уәждері негізінде соңғы процессуалдық шешім қабылдау үшін сараптамалар тағайындалды”, – делінген полиция таратқан ақпаратта.