«Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны сумен жабдықтау және су бұру тарифтерінің өзгеру себебін түсіндірді. Кәсіпорынның хабарлауынша, бағаның көтерілуіне бірнеше негізгі фактор әсер еткен, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Баға неге өсті?
Тарифтердің өзгеруіне ең алдымен жаңадан іске қосылған нысандар мен құрылыстарды ұстауға кететін пайдалану шығындарының артуы себеп болған. Сонымен қатар, стратегиялық маңызы бар электр энергиясының қымбаттауы да бағаға тікелей әсер етіп отыр. Себебі тазарту және ағын суларды айдау жүйелерінің барлығы электр қуатымен жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, желілер мен нысандардың тозуын төмендету мақсатында жаңғырту мен техникалық қайта жарақтандыруға қосымша инвестициялар қажет екені айтылды.
Тұрғындар үшін — сараланған тариф
2025 жылдың қаңтарынан бастап тұрғындар үшін су тұтыну көлеміне байланысты сараланған тариф енгізілді. Бұл жүйе төрт шағын топқа бөлінеді:
-
Ең төменгі тариф — 105 теңге/м³. Бұл баға адам басына айына 3 текше метрден аз су тұтынатын абоненттерге арналған.
-
Ең жоғарғы тариф — 211 теңге/м³. Адам басына 10 текше метрден астам су тұтынатындар осы мөлшермен төлейді.
Аталған сараланған тарифтер ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес тек тұрғындар үшін қарастырылған.
Бизнес үшін біркелкі тариф
Кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелер және өзге де заңды тұлғалар үшін суға бірыңғай тариф бекітілген. Қазіргі уақытта мұндай тұтынушылар үшін ауызсу тарифі — ҚҚС-сыз 401 теңге/м³.
— «Барлық кәсіпкерлік субъектілері, заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдар үшін төлем нақты тұтыну көлеміне байланысты, су есептегіш құралдары бойынша жүргізіледі», — деп түсіндірді «Астана су арнасы».
Мысалы, көлік жуу және кілем жуу қызметтері сияқты су тұтынуы жоғары кәсіпорындарға осы тариф қолданылады. Бұл нысандарда суды үнемдеу мақсатында су айналымы жүйелері орнату көзделген.
Бұған дейінгі пікір
Айта кетейік, бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек те электр энергиясы мен сарқынды су тарифінің көтерілуіне қатысты пікір білдірген болатын. Әкім бұл жағдайдың коммуналдық қызмет сапасын арттыруға бағытталған қадам екенін атап өтті.