Жасанды интеллектіні күнделікті өмірде қолдану бағытында 5 жылда 1 млн қазақстандық оқытылмақ. Цифрлық даму министрлігі бұл мақсатқа қол жеткізу қандай мүмкіндіктер арқылы шешілетінін түсіндірді, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Оқыту бағдарламалары
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 24 шілдедегі №592 қаулысымен бекітілген Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сүйенсек, жақын арада ЖИ еліміздегі еңбек нарығына айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Біріншіден, ЖИ күнделікті және қайталанатын жұмыстарды автоматтандыру арқылы көптеген дәстүрлі мамандықты жасанды интеллект алмастыруы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде еңбек нарығында белгілі бір мамандықтарға сұраныстың төмендеуіне әкеледі, – делінген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бірақ, ЖИ-дің дамуы тек теріс әсерлермен шектелмейді. Онымен бірге жаңа мамандықтар мен жұмыс орындары пайда болады. Мысалы, деректерді талдау, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект жүйелерін басқару салаларында мамандарға сұраныс артады.
Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған ұлттық тұжырымдамасында мынадай іс-шаралар ескерілген:
- орта білім берудің оқу бағдарламасына «Жасанды интеллект негіздер» модулін қосу;
- жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларын енгізу;
- мемлекеттік қызметшілерге жасанды интеллект негіздері бойынша курстарды әзірлеу және өткізу.
Қазіргі уақытта министрлік жасанды интеллекті саласындағы кадрларды даярлау, оларды оқыту сияқты жұмыстарды атқарып жатыр. Нақтылап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы білікті кадрларды даярлауға бағытталған «Techorda» бағдарламасы әзірленген болатын. Бағдарлама IT саласындағы, жасанды интеллект саласындағы адами капиталды дамытуға бағытталған және мамандардың өзін жетілдіруге ықпал етеді. Бұл бағдарлама арқылы кейінгі 3 жыл ішінде 82 мыңнан астам IT маман дайындалды, оның ішінде 16 мыңнан астамы жеке IT мектептерде білім алды.
– Сондай-ақ, ЖИ саласындағы мамандарды дайындау үшін 2024 жылдың қыркүйегінде Tomorrow school мектебі ашылды. Бұл бағдарлама өзара оқыту мен практикаға негізделген. Білім бағдарламасында 18 ай оқыту ескерілген. Қазіргі кезде 5 мыңға жуық адам сайт арқылы өтініш берген, – деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Бұған қоса, жасанды интеллектіге қызығушылық танытқан, осы саланың маманы боламын дейтін оқушыларға TUMO мектебін ашу жоспарланып отыр.
– Бұл бағдарлама аясында оқытуда ойын тәсілін қолдана отырып, бағдарламалауға және ЖИ-ге бағытталған оқытуды кеңейту әрі енгізу қарастырылған. Осы бағдарлама арқылы жылына 1 000 оқушыны оқыту жоспарланып отыр. Мектеп 9-12 сынып оқушыларына арналған. Бүгінгі күні TUMO мектептері Франция, Албания, Германия, Португалия, Украина, Швейцария және Армения мемлекеттерінде орналасқан, – дейді ведомстводан.
Сондай-ақ, ЖИ негіздері бойынша курс бар. Бұл ретте оны қазақ және орыс тілдерінде онлайн тәртіпте оқуға болады. Курс Skillbox платформасында Astana Hub қосымшасы мен платформасын пайдаланушылар үшін тегін оқытылады.
Сонымен қатар ЖИ саласы бойынша онлайн бастамалар келесі бағыттарды қамтиды:
- AI preneurs бағдарламасы – ЖИ стартаптарын әзірлеуге арналған бағдарлама;
- AI People Bootcamp – қатысушыларға үздік сарапшылардың жетекшілігімен ЖИ саласындағы озық құралдар мен тәжірибені меңгеруге мүмкіндік беретін төрт апталық онлайн оқыту бағдарламасы.
AI Quest 1.0 – Astana Hub мобильді қосымшасына енгізілген интерактивті ойын, ол ІТ мен ЖИ-де өз білімін тексеруге және бағалы сыйлықтар алуға мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда Қазақстанда жасанды интеллектіні күнделікті өмірде қолдану үшін 5 жылда 1 млн адам оқытылатыны мәлім болды. Бұл тұрғыда Цифрлық даму министрлігі осы үлкен мақсатқа қол жеткізу қандай мүмкіндіктер арқылы шешілетінін түсіндірді.
– Қазақстанда жасанды интеллект саласында кадр даярлау және оны күнделікті өмірде қолдануға қажет білім мен машықты дамыту үшін жүйелі жағдайлар жасалып жатыр. TechOrda, Tomorrow School және TUMO сияқты бағдарламалар арқылы оқыту экожүйесі құрылып, жасанды интеллект саласындағы білім беру мүмкіндігі артты. Бұл бағдарламалар алдағы бес жылда 1 миллион адамды оқыту мақсатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын енгізу, инновациялық жобаларды дамыту және цифрлық экономиканы нығайтуға жол ашылады, – дейді ведомство мамандары.
Жаңа заң жобасы
Жақында Парламент Мәжілісінің қарауына «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы енгізілді. Осы құжат пен оған ілеспе заң жобаларына Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық етті. Бұл құжаттар жасанды интеллект технологияларын пайдаланудың бірыңғай құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған.
– Бұл заң жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, жасанды интеллект саласындағы құқықтық реттеуді белгілеу, – деп аталып өткен Цифрлық даму министрлігі мәліметінде.
Заң жобасында мына мәселелерге қатысты нормалар қарастырылған:
- жасанды интеллект жүйелерінің жіктелуі;
- deepfake-терді анықтау және жолын кесу мақсатында таңбалауды енгізу;
- авторлық құқықты белгілеу;
- тұтынушылардың құқықтарын қорғау;
- жасанды интеллект жүйелерінің тәуекелдерін басқару.
Негізгі заң жобасы жасанды интеллект саласындағы реттеудің, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық әрі ұйымдастыру негіздерін, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың жасанды интеллект технологияларын пайдалану ерекшеліктерін айқындайды.
Қай сала көбірек автоматтандырылады?
Goldman Sachs-тің 2024 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, АҚШ-тағы кәсіптердің шамамен үштен екісі жасанды интеллектпен ішінара автоматтандыруға ұшырайды. Жалпы алғанда, АҚШ-тағы қазіргі жұмыс міндеттерінің 25 пайызы жасанды интеллект арқылы автоматтандырылуы мүмкін, әсіресе әкімшілік (46%) және заңгерлік (44%) кәсіптерде. Ал құрылыс (6%) және жөндеу (4%) сияқты «қосалқы жұмыс» кәсіптерде төмен деңгейде жүреді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, дамушы елдердегі жұмыс орындары дамыған елдерге қарағанда автоматтандыруға азырақ ұшырайды, бірақ дүние жүзіндегі жұмыс орындарының 18%-ы (300 миллион жұмыс орнына тең) жасанды интеллект арқылы автоматтандырылуы мүмкін.
Атап айтқанда, “Еңбек ресурстарын дамыту орталығы” АҚ бағалауы бойынша, әкімшілік саладағы қызметкерлер арасында жұмыс міндеттерінің 45 пайызына дейін генеративті ЖИ арқылы, ал жұмысшы кәсіптерінің міндеттері бойынша 2%-ға дейін автоматтандыруға болады.
Жалпы алғанда, Қазақстанда жұмыс тапсырмаларының 13%-ын (орташа және жоғары ықтималдықпен) генеративті жасанды интеллект көмегімен орындауға болады.
– Жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсері айтарлықтай болғанымен, жұмыс орындары мен салалардың көпшілігі автоматтандыруға ішінара ғана шалдығуы мүмкін. Сондықтан ЖИ жұмыскерлерді алмастырмай, олардың жұмысын толықтыруы ықтимал, – деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Генеративті ЖИ енгізудің нәтижесі еңбек өнімділігін арттыруға әсер етеді.