Кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерді «өз еркімен» жұмыстан шығуға мәжбүрлеп, еңбек заңнамасын өрескел бұзып жатады. Мұндай жағдайда көпшілік құқықтық сауатсыздықтан амалсыз көнуге мәжбүр болады. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Ольга Гаврик еңбек құқығыңызды қалай қорғауға болатыны туралы кеңес берді, деп хабарлайды kaskelen.kz.
«Өз еркімен» жұмыстан кетуге мәжбүрлеу – заңсыз
Адвокаттың айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Еңбек кодексіне сәйкес, әр азаматтың еңбек ету құқығы бар, ал оны шектеу – заңбұзушылық.
«Егер жұмыс беруші қысым көрсетіп, арыз жазуға мәжбүрлесе, ешқандай жағдайда келіспеу керек. Арыз тек ерікті түрде жазылуы тиіс», – дейді Ольга Гаврик.
Не істеу керек?
-
Мәжбүрлі арыздан бас тартыңыз.
-
Еңбек инспекциясына жазбаша шағым жолдаңыз.
-
Дәлелдер жинаңыз:
-
Еңбек шарты (жоқ болса – жазбаша сұратыңыз);
-
Жұмысқа қабылдау туралы бұйрық;
-
Жұмыс уақытының табелі;
-
Жұмыс берушімен болған әңгімелердің жазбасы (жазар алдында ескерту қажет).
-
Құқықтық негіздер
-
ҚР Конституциясы, 24-бап, 1-тармақ: «Әркімнің еңбек ету еркіндігіне, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар».
-
ҚР Еңбек кодексінің 56-бабы: Қызметкер бір ай бұрын ескертіп, еңбек шартын өз еркімен бұза алады.
Егер жұмыс беруші еңбек шартындағы міндеттемелерді орындамаса (мысалы, демалыс бермеу, еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу), қызметкер 7 күн ішінде шара қолданылмаса, 3 күн бұрын ескертіп, жұмыстан шыға алады.
Сондай-ақ, өз еркіңізбен жазған арызды қайтарып алуға толық құқығыңыз бар.
Егер жұмыстан заңсыз шығарса
-
Келістіру комиссиясына жазбаша арыз беріңіз.
-
Комиссия көмектеспесе – сотқа жүгініңіз.
Сотқа жүгінгенде мынадай талаптар қойылады:
-
Жұмысқа қайта қабылдау;
-
Мәжбүрлі демалыс кезіндегі жалақыны өндіріп алу;
-
Моральдық зиянның өтемі.
Мерзімдер
-
Келістіру комиссиясына – 1 ай ішінде;
-
Сотқа – комиссия шешімінен кейін 2 ай ішінде;
-
Басқа еңбек даулары бойынша – 1 жыл ішінде.
Ең бастысы – қысым мен әділетсіздікке төзбей, дер кезінде әрекет ету. Қазақстан заңдары әрбір қызметкердің еңбек құқығын қорғауға кепілдік береді.