Көкшетауда көпсалалы облыстық балалар ауруханасында екі жасар сәби көз жұмды, деп хабарлайды Kaskelen.kz
Кішкентай науқас ауыр жағдайда Щучье қаласынан санитарлық авиациямен жеткізілді. Сәби екі жақты пневмониямен комаға түскен. Сәбиге шұғыл қан құю керек болды, бірақ ата-анасы діни сенімдеріне байланысты емнің бұл түрінен бас тартқан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1,8 айлық сәби 24 қыркүйек күні сағат 18.00-де Бурабай орталық аудандық ауруханасының стационарлық бөлімінен көпсалалы облыстық балалар ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілген. Бала аурухананың анестезиология және реанимация бөліміне жатқызылды.
“Диагноз – екі жақты пневмония, ауыр жедел ағым. Асқынулары: сепсис, көп мүшелік жеткіліксіздік синдромы (токсикалық кардит, гепатит, нефрит). Кома, церебральды ісіну, папиледема”, – делінген аурухана хабарламасында.
Дәрігерлер Республикалық ана мен бала ұлттық орталығымен, бас балалар реаниматологымен және Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасымен кеңес өткізген.
“Ата-аналарға баланы емдеу жоспары, оның ішінде диагноз анықталған жағдайда өмірлік маңызды белгілерге негізделген қан және оның компоненттерін құю қажеттілігі туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді”, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Ата-анасы ұлына қан мен оның компоненттерін құюға келісім бермеген. Олар діни сенімдеріне сәйкес келмейтінін айтып, емнің бұл түрінен бас тартқан. Ата-ана діни ағымдардың бірінің ұстанушылары болып шықты.
Кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан жағдайда, медициналық ұйым олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына немесе сотқа жүгінуге құқылы. Аурухана осылай істеді. Сәрсенбіде, 27 қыркүйекте, қорғаншылық органдары жас баланың ата-анасымен сөйлесті, бірақ оларды өмірлік маңызды процедураны орындауға көндіре алмады. Ата-анасы баланың өмірі үшін жауапкершілікті көрсететін қолхат берді.
“Бала 28 қыркүйекте аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Асқынулар баланың жағдайын нашарлатты. Барлық мүмкін медициналық көмек көрсетілді”, – делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау басқармасы діни наным-сенімге байланысты емделуден және операциядан бас тарту бүгінде өткір мәселе болып тұрғанын атап өтті. Бұл ретте ата-анасының немесе ересек пациенттің келісімі заң бойынша қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы орталық мемлекеттік органдарға тиісті хаттар дайындап жатыр.