Алматы облысында құрсақтағы баласын сатуға тырысқан 24 жастағы шетелдік әйел ұсталды, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленовтың айтуынша, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қарасай ауданында көрші мемлекеттің азаматшасын ұстады.
Оның әлеуметтік желіде жүктіліктің жетінші айындағы тумаған баласын сату туралы хабарландыру жариялағаны анықталды.
«Аталған дерек ҚР Қылмыстық Кодексі 135-бабының 1-бөлігі бойынша Қарасай ауданы полиция басқармасында тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеудің жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында сараптама тағайындалып, тергеу-жедел іс-шаралары жүргізілуде»,- деді Бауыржан Әленов.
Заңнамада белгіленген тәртіппен ұсталған әйел аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы шеңберінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.