Екібастұздағы жылу электр орталығында тағы да апат болды. Мәліметтер бойынша, түнде күл шығаратын құбырда ақаулық болған, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
“ЕкібастұзЖылуЭнерго”-ның мәліметінше, 10 желтоқсан, сағат 01.10-да Екібастұз ЖЭО-ның күл шығаратын құбырында ақау анықталған. Сағат 05.30-да ақау жойылған. Ақау салдарынан су жылыту қазандықтарының екінші цехінде багер сорғысын су басып қалды. Резервте болған екі энергетикалық қазандық агрегаты іске қосылды”, – деп хабарлады “ЕкібастұзЖылуЭнерго”.
Екібастұз ЖЭО мен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының күшімен суды сорып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
“Қазіргі таңда станцияда жеті қазандық жұмыс істейді (№ 5, 6, 7, 9, 11, 13, 14). Оның ішінде су жылыту цехіндегі 3 қазандық уақытша мазутпен жағылып отыр.
“Жақын уақытта багер сорғысын іске қосу бойынша барлық жұмыстар аяқталатын болады. Кейін су жылыту қазандықтары графикке сәйкес көмірге ауыстырылып, стандартты жұмысы қалпына келтіріледі”, – делінген хабарламада.