Актер Леонардо Ди Каприо Қазақстан үкіметін киіктердің көбеюімен құттықтады – бұдан былай киіктер қазір жойылып кету қаупі бар жануарлар санатына жатпайды, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі актердің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.
Голливуд актері киіктер Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміндегі “жойылып кету қаупі төнген жануарлар” санатынан “қатерлі жағдайға жақын” санатына ауысқанын еске салды.
“Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай Қазақстандағы ақбөкен популяциясының керемет сақталуын көрсетеді. 2005 жылы бұл түрдің саны небәрі 48 000 болды, ал қазір ол жабайы табиғатта 1,9 миллионнан асатын көрсеткішке жетті. Браконьерлікке қарсы күрес бастамаларына, құқықтық тәртіпті нығайтуға және жаңа қорғалатын аумақтарды құруға қомақты қаражат салған Қазақстан үкіметін құттықтаймыз.
Олардың табиғатты қорғау ұйымдарымен, университеттермен және ғалымдармен ынтымақтастығы – бірлескен күш-жігердің арқасында қол жеткізілген табиғатты қорғау ісіндегі шынайы табыстың жарқын мысалы”, – делінген Ди Каприоның Instagram-дағы ресми профилінде.
Бұған дейін Экология министрлігі Халықаралық қорғау одағы киіктер қазір жойылып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатпайтынын хабарлаған еді.
Еске сала кетейік, World Wide Fund for Nature ресми сайтында актер Леонардо Ди Каприо қоршаған ортаны қорғаушы және меценат ретінде жазылған. 1998 жылы ол біздің планетамыздың тұрақты болашағын қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдар мен бастамаларды қолдау үшін өз қорын құрған.