Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілін білуге арналған тест қашан дайын болатынын айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Оның сөзінше, арнайы жұмыс тобы құрылып жатыр, тестің өзі әлі дайын емес. Азаматтықты алуға немесе қалпына келтіруге арналған тест үш компонентке бөлінеді: мемлекеттік тіл, конституция және Қазақстан тарихының негіздерін білу.
Кәмелетке толмағандар мен мүгедектігі барлар тестілеуден өтпейді.
“Тестті дайындау жұмыстары енді ғана басталды, бізде заң күшіне енгеннен кейін бір ай уақыт бар. Қазір тіл білімі институтының “Тіл қазына” мамандарынан арнайы жұмыс тобын жинадық. Тест толық жасалып болған соң әрі қарай тестілеудің қалай жүзеге асатынын хабарлаймыз”, – деп қосты ол.
Бұған дейін ішкі істер министрлігінің ресми өкілі қарапайым деңгейде мемлекеттік тілді, сонымен қатар еліміздің тарихы мен конституциясының негіздерін білмеу Қазақстан Республикасының азаматтығын беруден бас тартуға негіз болатынын айтқан еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі кімге Қазақстан азаматтығы берілмеуі мүмкін екенін айтқан еді.