Өзбекстан астанасында «Орталық Азияда ауасы таза болашақ құру» атты жоғары деңгейдегі алғашқы саяси аймақтық семинар өтті, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы Kazinform агенттігіне сілтема жасап.
Бұл іс-шараны Өзбекстанның экология министрлігі, Дүниежүзілік банк және БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы бірлесіп ұйымдастырды. Талқылау, тәжірибе алмасу алаңына 5 елдің мемлекеттік органдарының өкілдері мен белді халықаралық экологтар қатысты.
Іс-шарада Қазақстаннан келген делегаттар да төбе көрсетті. Атап айтсақ, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазгидромет» мекемесінің мамандары ауа сапасын жақсарту бойынша ойларын ортаға салды.
Қатысушылар Қазақстанда жаңа экологиялық кодекс қабылданғанын және оның аясында автоматтандырылған мониторинг жүйесін құруға ден қойылғанын атап өтті. Бұл іс халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланған.
«Бұл семинарға қатысудағы мақсатымыз – өзіміздің осы бағыттағы жұмысымызды көрсетіп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі озық тәжірибелерді білу. Бұл бағытта біздің мемлекетте де көптеген жұмыстар атқарылып жатыр», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы Дана Ағыбаева.
Мамандардың айтуынша, Орталық Азия елдері арасында ауасы жоғары деңгейде ластанған мемлекеттер – Өзбекстан мен Тәжікстан. Алайда өнеркәсіптің дамуы есебінен мұндай мәселе өзге де көршілес мемлекеттерде өзекті бола бастады. Сол себепті ауа сапасын бақылауға жауапты мекемелер, оның ішінде гидрометеорологиялық органдар тәжірибе алмасуға ниетті. Бұл бағытта Қазақстан көршілес мемлекеттермен бірлесіп тың технологияларды енгізуге басымдық бермек.