Статистика объективті және сенімді болуы керек. Бұл барлық көрсеткішке қатысты мәселе. Оның ішінде адамдардың өмір сүру деңгейіне қатысты мәліметтер үшін аса маңызды. Осы мәселені Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев көтерді, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
«Тиімді қадамдар жасап, қажетті заңдар қабылдау үшін бізге облыстарда, өңірлерде не болып жатқаны жөнінде объективті әрі нақты деректер қажет. Қазіргі таңда негізгі статистикалық мәліметтер жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен және үйлестіруімен қалыптасатыны белгілі. Олар үшін бұл, бір жағынан, жоғары тұрған құрылымдарға қандай да бір есеп беру екені түсінікті. Осы ретте кей жағдайда манипуляцияға жол берілетінін жоққа шығаруға болмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылатын жұмыстар барынша нәтижелі болуы үшін инфляция, халықтың табысы, экономикалық өсу, белгілі бір салалар мен өңірлердегі жағдай бойынша объективті статистика қажет. Сол себепті бұл мәселе өте маңызды және заңға баламалы ақпарат көздері бойынша нормалардың енгізілуі дұрыс тәсіл», – деді М.Әшімбаев.
Осыған орай Сенат төрағасы жергілікті жерлерде статистикалық мәліметтер қалай қалыптасатынын және баламалы ақпарат көздері қаншалықты қолданылатынын қадағалау үшін Статистика бюросымен бірлесіп, өңірлерде Сенаттың салалық комитетінің көшпелі отырысын өткізуді ұсынды. Сонымен қатар қазіргі таңдағы Big Data және басқа да дерек көздерін қолдана отырып, статистикалық массивті тиімді талдау тәсілдерін зерделеудің маңызды екені сөз болды.