Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан тұрғыны қаладағы таксистердің жұмысына шағымданды, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Тұрғынның айтуынша, қалада орнатылған «Сергек» бейнекамералары мен тұраққа тыйым салатын жол белгілері жолаушы таситын жүргізушілердің жұмысын тиісті деңгейде реттеуге көмектеспейді.
— Менің сұрағым — «Halyk Аrena» жақта тұратын таксистерге байланысты. Мұнда «Сергек» камерасы мен жол белгілері қойылды. Бірақ олар бұрын қалай тоқтаса, қазір де солай тоқтап жүр. Бұл жалпы көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Сондықтан осы аумақта камераларды көбейтуге бола ма? — деді тұрғын.
Ерболат Досаев тұрғын сұрағына жауап бере отырып, Алматыда таксистерге арналған арнайы тұрақтар пайда болатынын айтты.
— Бұл мәселенің түбегейлі шешімі — жалпы таксистердің жұмысын реттеу. Біз Көлік министрлігіне өз ұсынысымызды жолдадық. Ол бойынша «Halyk Аrena» маңында ғана емес, барлық жерде таксистер жұмысын реттей аламыз. Сонымен қатар, Қалалық мобильділің басқармасы бүкіл әлемде секілді таксо-тұрақ стандарттарын әзірледі. Менің ойымша, бұл норманы енгізу мәселені шешуге мүмкіндік береді, — деді әкім.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы әкімі тез шешілген мәселе сапалы бола бермейтінін айтқан еді.