Қазақстанда әрбір оныншы сәби аралас некеден туады, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
2024 жылы өмірге келген 370 мың нәрестенің 9%-ы аралас некеден. Яғни 34 мыңға жуығының ата-анасы әртүрлі ұлттың өкілдері екен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ұлтаралық некеден туған балалардың аналары көбіне орыс ұлтынан. Қазақ ерлер орыс қыздарға үйленеді. Ал қазақ әйелдерінің басқа ұлт өкілдерімен некеге тұруы сирек кездеседі дейді.
Тарих ғылымдарының докторы Аманжол Қалыштың айтуынша, аралас некенің көбеюі қазақ тілінің жойылып кетуіне әкеледі.
“Қазақ “өзбек өз ағам” деп айтады. Қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, ұйғыр – бір. Түбі бір халықпыз. Осы ұлттар өзара үйленсе болады. Олар біздің тілді біліп отыр. Қалған халықтарға өз ықпалымызды көрсетуіміз керек. Аралас отбасыларда қазақша білетін, қазақ мәдениетін білетін аналар бар. Бірақ оның өзі сирек. Оннан тек біреуі ғана”, – деді тарих ғылымдарының докторы Аманжол Қалыш.