24 наурызда әлемнің көптеген елі Халықаралық депрессиямен күрес күнін атап өтеді. Бұл дата қоғам назарын жан саулығының өзекті мәселесіне аудару үшін бекітілген. Шынымен депрессия жаһандық дертке айналды. Ал, ол қазақстандықтарға қалай әсер етіп жатыр, қазір анықтап көреміз.
Country Cassette мәліметінше, бүгінде әлем халқының 3,9%-ы депрессия дертіне шалдыққан. Күйзеліске бейім елдердің көшін украиналықтар бастап тұр. Ондағы тұрғындардың 6,3%-ы депрессияның шырмауына шатылыпты. Ал уайымға аса берілмейтін азаматтар Соломон аралдарында тұрады екен. Олардың 2,9%-ы ғана психикалық мінез-құлықтың өзгеруінен зардап шегіп отыр. 180 елдің арасында Қазақстан 93-орында. Былтырғы деректерге сүйенсек, елде 732 699 адам депрессияға ұшыраған. Бұл – ел тұрғындарының 4,4%-ына тең.
Отбасылық психолог Серікгүл Сали депрессияның бірден пайда болмайтынын айтады. Оның сөзінше, бұл – ұзақ уақыт бойы жүзеге асатын процесс.
– Адамдарда өмірде менің орным қандай, айналама қандай пайда тигізіп жатырмын деген сұрақ болады. 95% адам өмірдегі өз орнын біліп туады. Олардың 5%-ы үшін өмірдің мәні сұлулық пен махаббатта. Тағы 5%-ы адамдардың назарын өзіне аударуды өмірдің мәні деп есептейді. Өзге 5% адамдар өмірдің мәнін «билік» деп түсінеді. 24%-ы ақша мен байлықты, мансаптық өсуді өмірдің мәніне балайды. 21% адамдар өмірдің мәнін отбасылық құндылықтардан іздейді. Қалған 35% адам үшін өмірдің мәні – жұмыс істеп, қызмет ету. Осылардың ішінен 5%-ы қалады. Олар өмірдің мәні неде екенін білмейді, – дейді ол.
Психолог адамдар өмірдің мәнін жоғалтып, не үшін өмір сүріп жүргенін түсінбеген кезде депрессияға шалдығады дейді.
– Депрессия адамның өміріне қауіпті. Өмірдің мәнін таппағанда, өмір құнын жоғалтады. Өмірдің кұны жоғалған кезде адамдар «мен өмірдің мәнін таппадым, сол себепті бұл өмірді сүргім келмейді» деген ойға келеді. Депрессиядан дер кезінде емделмесе, ең ауыр салдары суицидке ұласуы мүмкін. Депрессияға түскенде адам есірткіге тәуелді болуы ықтимал. Одан бөлек шизофрения сынды түрлі психологиялық ауытқуларға ұшырайды, – дейді Серікгүл Сали.
Бұл пікірді психиатр-психотерапевт те растап отыр. Николай Мутяк депрессияның жәй ғана психологиялық көңілсіздік емес, биохимиялық процесске әсер ететін дерт екенін айтады.
– Депрессия – жай ғана мұң немесе көңілсіздік емес, бұл – ауру. Ол бүкіл ағзаны қамтиды, соның ішінде биохимиялық және метаболикалық процестерге де әсер етеді. Сондықтан бұл ауруды тек медициналық білімі бар мамандар емдеу керек. Психиатрлар мен психотерапевтер тек антидепрессанттармен ғана емес, әртүрлі психотехникалармен де емдеу жүргізеді, – дейді дәрігер.
Николай Сергейұлы кейде депрессия жасырын пайда болады дейді. Адам өзінің депрессияда жүргенін білмеуі мүмкін екен.
– Олар психосоматикалық маска түрінде көрінуі мүмкін, яғни адамда денсаулыққа қатысты әртүрлі шағым пайда болады: бас ауруы, жүрек ауруы, асқазан-ішек жолдарының бұзылыстары. Мұндай науқастар алдымен терапевтке, кейін кардиологке, невропатологке, эндокринологке жүгінеді. Соңында, сәті түссе, психотерапевтке барады. Біздің қоғамда мұндай жасырын депрессияға шалдыққандардың саны өте көп, – дейді ол.
Оған қоса маман, депрессияның негізгі салдарына да тоқталды.
– Клиникалық депрессияның кейбір асқынған түрлері психотикалық бұзылыстарға әкеледі. Ал олардың салдары өте ауыр болуы мүмкін. Адам тек суицидтік ойларды ойлап қана қоймайды. Ондай науқастар аяқ астынан жасалған, ешқандай түсінікке бағынбайтын суицидтік әрекеттерге барады. Кейде сырт көзге ешқандай уайымсыз, күліп жүрген адамдардың себепсіз өз-өзіне қол жұмсауы осымен байланысты, – дейді Николай Мутяк.