Қазақстанда коронавирус пандемиясынан кейін электронды сауда қарқынды қолданысқа ие болған. 2021 жылдан (жалпы саудадағы электрон сауданың үлесі – 3,6%) 2022 жылға (12,5%) өсім бірден 8,9%-ды құрады. Бірақ былтырдың 11 айында бұл көрсеткіш бар болғаны 13 пайызға жетіп, 0,5% ғана артқан. Алайда үкімет 2030 жылға дейін электрон сауданың үлесін 20 пайызға жеткіземіз деп уәде беріп отыр. Одан қалды Қазақстан жыл сайын электрон сату арналары арқылы басқа елдермен сауда көлемін 100 млн долларға ұлғайтуды көздеп отыр. Электронды сауданың үрдісі уақытша құбылыс па, әлде бізе үйреншікті дүкендердің орнын баса алады ма? Қазір соған сараптама жүргізетін боламыз.
2030 жылға қарай онлайн сауданың үлесі 20% болмақ
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр елдегі электрон сауданың үлесі шамамен 2,2 трлн теңге болды (2023 жылдың он бір айында).
Соңғы жылдары Қазақстандағы электрон коммерция нарығында пандемияның басталуы бетбұрыс кезеңіне айналып, өсу қарқыны жоғары болды. Әсіресе, тұрғындардың маңызды тауарларға онлайн тапсырыс беру әдеті қалыптасты. Бұл электрон азық-түлік сегментінің белсенді өсуіне түрткі болып отыр, – деді Сауда және интеграция министрлігі Электрондық коммерцияны дамыту және цифрландыру департаменті директорының орынбасары Руслан Оразалиев.
Ведомство электрон коммерцияның үлесін 2030 жылға қарай 20%-ға жеткізуді міндет етіп отыр. Ол үшін электрон сауданы дамытудың жоспары бар. E-commerce саласында тұтынушылардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету үшін түзетулер әзірленген. Сондай-ақ, маркетплейстерде отандық өндіріс тауарларын көбейтуге ерекше назар аударылады.
Халықаралық маркетплейстермен жұмыс
Азаматтар үшін Amazon, Wildberries, Ozon сияқты ірі трансшекаралық платформалар қолжетімді. Былтыр Ozon алаңында 45,4 мың, Wildberries аланында 55,7 мың қазақстандық тіркелген. Тұрғындар сайттардан тауар сатып алып, онлайн сауда алаңдары арқылы өнімдерін сатып жатыр.
Кейбір электрон сауда алаңдарында қазақстандық өнімдер үшін арнайы бөлімдер құрылды. Тауарды іздеген кезде қазақстандық тауардың алға шығуына басымдық берілген. Бұдан бөлек Қытайдың Alibaba және JD.com ірі маркетплейстерінде ұлттық павильондар ашылған.
Бүгінде Alibaba платформасында 7500 отандық тауар, ал JD.com-да тауарлардың 30 түрі ұсынылған. 1 млн жазылушысы бар маркетплейстің арасында қазақстандық 30-ға жуық өнім бар, оларға сұраныс басым, – деді сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Арман Шаққалиев.
Ведомствоның мәліметіне сәйкес, 2023 жылғы желтоқсанда JD.com арқылы қазақстандық өнімдердің сатылымы 140 мың доллардан асқан.
Министрдің айтуы бойынша Қазақстан жыл сайын электрон сату арналары арқылы басқа елдермен сауда көлемін 100 млн долларға ұлғайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігі Орталық Азиядағы серіктестерімен әлемдік маркетплейстерде бірлескен павильонның ашылуын талқылауға ниетті. Ал, өңір қолөнершілерінің тауарларын «Nomads of Central Asia» брендімен ұсынуға болады.
Сонымен қатар, Арман Шакқалиев өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлардың электрон саудасын жүзеге асыратын, жеке тұлғалардың электрон түрде қызмет көрсетумен айналысатын шетелдік компаниялар үшін Google салығы (импорт салығы) енгізілгенін еске салды. Нәтижесінде 2023 жылы Қазақстанда шартты тіркеуден 60 шетелдік компания өтті, ал олар екі жыл ішінде төлеген салық сомасы 34,8 млрд теңгені құрады (2022 ж. – 16,4 млрд теңге, 2023 ж. – 18,4 млрд теңге).
Электрон коммерция мектебі
Шағын және орта кәсіпкерлерге кешенді мемлекеттік қолдау көрсету үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп барлық өңірде электрон сауданы оқыту орталықтары ашылады. Бүгінде мұндай орталықтар еліміздің төрт облысында ғана жұмыс істейді.
Бұдан бөлек «Электрон коммерция мектебі» жобасы жүзеге асырылып, оның аясында екі мыңнан астам ШОБ субъектісі оқытылған.
Сондай-ақ, электрон коммерцияны дамыту мақсатында Сауда және интеграция министрлігі ШОБ субъектілерінің цифрлық сауаттылығын арттыру, онлайн сауда арқылы экспортты ілгерілету, сондай-ақ трансшекаралық электрондық коммерцияны дамыту үшін кешенді жұмыс жүргізіп жатыр, – деді ведомство өкілі Руслан Оразалиев.
Қазақстандағы электрон коммерцияның логистикасы
Электрон сауданы дамыту үшін қойма және логистикалық инфрақұрылымды жақсарту керек. Бұл – маңызды шарттардың бірі. Ал, мұндай коммерция негізінен түпкілікті сату арнасы болып саналады. Ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да белсенді дамып келеді.
Иә, біз жалпы электрон коммерция экожүйесін дамыту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде, бұған дейін айтқан ШОБ субъектілерін онлайн бизнес жүргізуге үйрету және электрон сату арналары (маркетплейстер) арқылы қазақстандық емес тауарлардың экспортын сыртқы нарықтарға жылжыту да бар. Ал, логистика тұрғысынан пошта желісі – электрон коммерцияны ілгерілетудің тиімді құралы. Бүгінде ұлттық пошта операторының еліміздің барлық өңірінде филиалдар желісі бар. Мұндай мүмкіндіктер логистиканы жеңілдетеді және тұтынушыларға тауарларды жеткізу уақытын қысқартады, – деді Руслан Оразалиев.
Қазақстандықтар қандай тауарды сатып алады немесе қай қызметті онлайн жасайды?
Сауда министрлігінің мәліметінше, ел азаматтары интернет-платформалардан үй тауарлары, киім және аяқ киім, тамақ өнімдері, косметика мен дәрі-дәрмек саудалаған. 2022 жылы электрон сауда қызметтер нарығының көлемі шамамен 1,2 млрд теңгені құрап, оның 50,3%-ы немесе 596,8 млрд теңгесі жолаушыларды тасымалдау қызметіне тиесілі болған.
Электрон коммерция трендтері
Руслан Оразалиев электрон коммерцияның дамуындағы әлемдік төрт тенденцияны атады. Әлем жаңа бәсекелестік, деректердің құпиялылығы, сауда стандарттары мен төлем қабілеті ережелерін, сондай-ақ деректерді оқшаулау туралы заңдарды қарастырып жатқанын атап өтті.
Ал, электрон коммерцияның дамуындағы тендецияларға тоқталатын болсақ, біріншісі – электрон коммерция транзакцияларының сәнді тауарлардан маңызды тауарларға ауысуы; Екіншісі, тауарлардың кең ассортиментін ұсынатын маркетплейстер арқылы сатып алу; Технологиялар және жасанды интеллектіні пайдалану. Бұл сатып алу процесін жеңілдетеді және ұсынысты қалауға сәйкес әзірлейді. Сонымен қатар, менің ойымша, соңғысы – мобильді коммерцияны дамыту. Бұл бағытта компаниялар сату көлемін арттыру үшін мобильді қосымшаларды әзірлеп жатыр, – деді министрлік өкілі.
Сондай-ақ, маман интернет-коммерцияның өсуімен онлайн төлемдер де өсетінін атады. Банк карталарын көп пайдаланбайтын немесе енгізілуі төмен аймақтар балама цифрлық төлем жүйелеріне көшеді.
Иә, электрон коммерцияның маңызды тұсы – делдалсыз сауда жасауға болады. Яғни, сатушы мен тұтынушыға қолайлы. Ортадағы үшінші адам «жоқ жерден» пайда таппайды. Бұл екі жаққа да пайдалы. Ал, мемлекет елдегі сауда айналымын барынша қадағалай алады. Сондықтан үкімет мұндай сауданы дамытуға мүдделі және алдағы уақытта бұл сала қарқынды дамуын тежемейді деп күтеміз.