Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қарасай ауданы әкімінің заңсыз әрекетін анықтап, айыппұл салды.
Нақтырақ айтар болсақ, мониторинг жүргізу кезінде аудан әкімі Жасұлан Естенов активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды ұсынбаған үміткерді аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы лауазымына тағайындаған. Бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға қайшы келеді.
Ашық дерекөздерге сүйенсек, аудандық кәсіпкерлік бөліміне Жандос Базарбаев тағайындалған. Ол қызметтік жолында салық басқармасында, әкімдікте, қаржы саласында мемлекеттік қызметте жұмыс істеген.
Бөлім басшысы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға. Сондықтан бұл ҚР ӘҚБтК-нің 680-бабында көзделген талаптарды бұзу болып табылады (мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы).
Аталған тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама жасалды. Істі қарау барысында әкім кінәсін толық мойындады, – делінген антикор таратқан ресми хабарламада.
Нәтижесінде әкімге 50 АЕК немесе 172 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.