Көкшетау көлік прокуратурасы “ҚазАвтоЖол “ҰК” АҚ Ақмола облыстық филиалының (бұдан әрі – Филиал) қызметінде Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің апаттылығы түріндегі төтенше жағдайға сілтеме жасай отырып, конкурс өткізбестен шартты заңсыз жасасу фактісі анықталды, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Прокуратураның хабарлауынша, аталған мәміле бойынша 2,3 млрд теңгеге жаңа көпір салумен “Жақсы-Есіл-Бузулук” Республикалық маңызы бар автожолын күрделі жөндеу жоспарланған болатын.
“Бұл көпір шұғыл шұғыл араласуды талап ететін жағдайда болмағаны, бәсекелестік рәсімдерді жүргізуге кедергі келтіретін еңсерілмейтін күш пен технологиялық бұзылулардың өзге де жағдайлары болмағаны белгілі болды. Шарт шеңберінде филиал мердігердің шотына 200 млн теңге көлемінде аванс аударды, алайда қандай да бір жұмыс басталған жоқ. Осы жағдайлардың барлығы аудиторлардың 2022 жылғы 13 желтоқсандағы қорытындысымен расталды, оған мердігер сот тәртібімен шағымданды. Ағымдағы жылдың 30 мамырында сот ішкі аудиттің қорытындысын (есебін) жарамсыз деп тану туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты”, – делінген прокуратураның хабарламасында.
Сот актісі 2023 жылдың 23 тамызында күшіне енді.
Филиал лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі бойынша сеніп тапсырылған бөтен мүлікті бергені үшін сотқа дейінгі тергеу басталды.