Қазақстан аумағында 10 970 электромобиль тіркелген, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан аумағында 10 970 электромобиль тіркелген. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, электромобильдерге арналған орындарда тоқтау немесе тұру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Сондықтан басқа көлік жүргізушілеріне көрсетілген орындарға қоймау ескертіледі. Одан бөлек, электромобиль жүргізушілеріне коммуналдық ақылы автотұрақтарда тегін тұру үшін жеңілдік көзделген (автотұрақтар, паркингтер)», – делінген ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Еске сала кетсек, биыл маусым айында Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын мақұлдады. Бұл заң елімізде электромобильдер санының артуына және арнайы инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.