Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жалған несиелерге байланысты азаматтардың құқықтарын қорғауды заңнамалық тұрғыда күшейтуге бағытталған бірқатар өзгеріс енгізді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Агенттіктің мәліметінше, қабылданған шаралар аясында 2024 жылдың 20 тамызынан бастап:
-
Кредиторларға алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерге қатысты тергеу жүргізу кезеңінде сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмыстарын тоқтата тұру міндеті жүктеледі;
-
Клиенттің қатысуынсыз жасалған қарыз рәсімдеу фактісі заңды күшіне енген сот шешімімен дәлелденген жағдайда, жалған несие бойынша талаптар тоқтатылады.
Сонымен қатар 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап “Стоп-кредит” қызметі аясында:
-
Кредит алудан ерікті түрде бас тарту кезеңінде заңсыз рәсімделген несиелер бойынша борышты есептен шығару міндеті енгізіледі.
Агенттік бұл өзгерістерді әлеуметтік желілерде тараған “барлық жалған несиелер автоматты түрде есептен шығарылады” деген ақпаратпен шатастырмауды ескертеді. Бұл – шындыққа жанаспайтын мәлімет. Азаматтарға тек ресми дереккөздерге сенуге кеңес беріледі.
Қаржылық алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында депутаттар қосымша заңнамалық түзетулер ұсынуда. Атап айтқанда:
-
Онлайн қарыз рәсімдеу кезінде 24 сағаттық “салқындату кезеңі” енгізіледі;
-
Банк және микроқаржы ұйымдарына несие алушы азамат бірінші рет несие рәсімдеген жағдайда, ол кредитор бөлімшесіне жеке келмейінше қарыз шартына қол қоюға тыйым салу ұсынылуда;
-
Жекелеген санаттағы азаматтармен тұтынушылық несие шарты тек олардың нақты келісімі алынғаннан кейін ғана жасалуы тиіс деген талап енгізу қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының қызметі күшейтіледі. Оның жұмысына:
-
Ұялы байланыс операторлары;
-
Құқық қорғау органдары;
-
Арнайы мемлекеттік органдар тартылады.
Бұл алаяқтық нөмірлер мен транзакцияларды жедел анықтап, бұғаттауға мүмкіндік береді. Антифрод-орталықтың “қара тізіміне” енгізілген азаматтар үшін қаржылық қызметтерге қолжетімділік шектеледі.
Қосымша қауіпсіздік шаралары ретінде:
-
SIM-карталар санына шектеу қою;
-
Абоненттерді міндетті биометриялық сәйкестендіру;
-
SIM-бокстарға бақылауды күшейту қарастырылып отыр.
Бұл барлық өзгерістер Қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғау туралы заң жобасы аясында Сенат қарауында тұр.