Қазақстанда көлік жуу, тазалықшылардың қызметіне жүгіну қызметі орта есеппен 3000 теңгеге шығып тұр, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Рейтинг құрастырған кезде көлік сыртын тазалау қызметіне ерекше назар аудардық. Ең төменгі тариф жеңіл автокөліктерге қатысты болса, одан әрі қарай көлік көлеміне байланысты баға жоғарылай береді. Автожуу орындарында «ГАЗель» секілді көліктерді жуу бағасы қымбат болып келеді.
Ең төменгі тариф Атырау қаласында тіркелді. Бұл жерде жеңіл автокөлікті небәрі 900 теңгеге жуғызуға болады. Ал Екібастұзда бұл қызмет құны 1200 бен 3600 теңге аралығында өзгеріп отырады.
Оңтүстік астанамызда да тарифтер аса қымбат емес. Алматыда көлік жуу бағасы 1500-4500 теңгені құрайды. Айта кету керек, мұнда автожуу бекеттерінің саны көп және көрсетілетін қызметтің құны салыстырмалы түрде қолжетімді.
Петропавл мен Оралда бұл қызмет түрі шамамен 1900 теңгеден басталады. Бұл шаһарларда орташа баға 2000 теңгені құрайды. Павлодар, Семей, Ақтау, Түркістан және Талдықорған қалаларында да осындай деңгейдегі бағалар сақталған.
Өскеменде ең төменгі тариф — 2100 теңге, ал ең жоғарғысы — 4500 теңге. Одан кейін Қостанай қаласы келеді. Бұл жерде автокөлік жуу қызметінің бағасы 2200 теңге шамасында. Ал Көкшетауда ол 100 теңгеге жоғары – мұнда бұл қызмет 2300-4700 теңге аралығында.
Қарағанды мен Жезқазғанда бағалар бірдей. Мұнда көлік жуу 2400-4500 теңге аралығында. Бұл қалалардан кейін Ақтөбе орналасқан – мұнда баға 2500-8000 теңге арасында құбылады.
Келесі орында Қызылорда мен Шымкент тұр. Бұл қалаларда қызмет 3000 теңгеден басталады. Ең жоғары бағалар Тараз бен Астана қалаларында тіркелді – мұнда көлік жуу 3500 теңгеден басталады.
Қазақстандағы автожуу орталықтары тек көлік сыртын тазалаумен шектелмейді, сонымен қатар кешенді тазалау қызметтерін де ұсынады. Мәселен, «сыртқы кузов + салоны» қызметінде баға шамамен екі есеге көтеріледі. Сонымен қатар, жүксалғыш пен төсеніштер де жуылады. Қосымша, толықтай немесе қайталап жуу қызметтері 12-15 мың теңгеге дейін жетеді.
Сонымен қатар, елімізде көлікті өз бетіңше жуу мүмкіндігі де бар. Мұндай өздігінен қызмет көрсету бекеттерінде баға шамамен 500 теңгені құрайды.