2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен ел аумағында 13 743 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
– Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 564 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 585 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 913 және 999 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 186 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 496 адам тартылды, – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта елде ШЖК қолданатын 1744 жұмыс беруші бар. Оларда 388 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,5%-ын құрайды.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыспен қамтылғандар құрылыс саласында – 5390 адам, өңдеу өнеркәсібінде – 1455 адам, тау–кен және карьерлерді қазуда – 1355 адам, әкімшілік және қосалқы қызметтерде – 1305 адам, ауыл шаруашылығында, орман шаруашылығында және балық шаруашылығында – 1237 адам.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4881 адам, Өзбекстан – 1273 адам, Түркия – 1203 адам, Үндістан-1095 адам.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын Республикаға шетелдік мамандарды тартуға квоталар белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота Республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың деңгейінде белгіленді. Ағымдағы жылдың қараша айынан бастап министрдің бұйрығымен ол 17,2 мыңға дейін қысқартылды.