Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде ұлттық киім кию бастамалары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Астанадағы № 60 мектептің ата-аналары әкімшілік жұма күндері кию үшін балаларға ұлттық киім алуға мәжбүрлеп жатқаны туралы шағымдар түскен айтылды. Журналист сұрағына жауап берген министр бұл ерікті түрде, ұжым болып қабылдаған шешім екенін айтады.
— «Біртұтас тәрбие» атты тәрбие жұмыстарының аясында білім беру ұйымдарында ата-аналар комитетінің шешімімен шешім қабылданады. Ол туралы маған да ақпарат беріліп отырады. Мен ондай шешімнің ерікті түрде жасырын ниетсіз-ақ қабылданғанына көз жеткізу үшін ата-аналармен кездестім. Алайда бұл министрлік бұйрығымен қабылданған заңға қайшы болмау керек, — деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар министр мектепте ұлттық киіммен жүруге ешқандай шектеу жоқ екенін атап өтті.
Айта кеткен жөн, елімізде мектепке арналған киімге қойылатын барлық талап Кеден одағының техникалық регламентіне cәйкес реттеледі.